Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандарында жұмыс бабымен болып, ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту бойынша тапсырмалардың орындалуымен танысты.
Мұғалжар ауданында облыс әкімі Басшилі ауылына жақын орналасқан №315-разъездің тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған жаңа газ құбырын қарап шықты. Оның құрылысына 39 млн теңге жіберілген. Разъезде 24 түтін бар, бүгінде олардың 18-іне газ жүргізілді. Қалған алты үйге газ қосу уақыт еншісінде. Оңдасын Оразалин Басшилі ауылында сонымен қатар, ауылдағы 171 үйді орталықтандырылған сумен қамту мақсатында биыл күзде пайдалануға берілген су құбыры желілерінің жұмысымен танысты.
Мен мұнда 25 жыл тұрамын. Жұмыс бабымен Байғанин ауданынан көшіп келдік. Қазір газ келді, балаларымыз да, біз де қуаныштымыз. Бұрын пеш жақтық, бір қыста 10 тонна көмір жағатынбыз, күл шығардық. Қазір кішкене оңайырақ болды. Су да бар. Бәрі өте жақсы,- дейді Басшилі тұрғыны Хадиша Нашенова.
Өңір басшысы ауыл тұрғындарымен әңгімелесу кезінде оларды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Тәуелсіздік таңы атқан шақта еліміз үлкен қиындықтарға тап болды. Еліміз оларды Қазақстанның Тұңғыш Президентінің табанды саясатының, тәуекелді шешімдерінің, еңбекқорлығы мен халық бірлігінің арқасында сәтті еңсерді. Нәтижесінде бүгінде бізде ондаған жылдар бойы күн тәртібінде тұрған әлеуметтік сұрақтарды шешуге мүмкіндігіміз бар. Соның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдардың тұрмысын деңгейін көтеру, газдандыру, сумен қамту бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Соңғы бірнеше жылда біздің облыста жыл сайын 15-20 елді мекен газбен қамтылып жатыр. Бұл жұмыс жалғасын тауып, соның ішінде жолдарды жөндеуге, жаяужолдарды абаттандыруға, көшелерді жарықтандыруға, жұмыс жасап тұрған әлеуметтік нысандарды жөндеуге және жаңаларын салуға баса назар аударылатын болады, - деді Оңдасын Оразалин.
Айта кетейік, осы жылдың қорытындысы бойынша Мұғалжар ауданының халқы 92,1 % орталықтандырылған сумен, 88, 2 % газбен қамтылған. Қазіргі таңда Қаракөл ауылындағы ауылішілік газ құбырының құрылысы жалғасуда, 2022 жылы Мұғалжар және Жарық ауылдарын газдандыру жұмыстары басталады, Ащылысай ауылын газдандыруға байқау жарияланды.
Темір ауданының Кеңқияқ ауылында облыс әкімі жалпы аумағы 1 340 м2- ден асатын жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Кешенде үш негізгі зал бар: күрес залы, баскетбол мен волейбол ойнайтын әмбебап зал, сонымен қатар жаттығу залы. Спорт кешенін тұрғызуға мемлекет шамамен 270 млн теңге бөлді.
Осындай спорт кешені Шұбарши ауылында да ашылды.
Бұдан өзге, Шұбарши ауылында 320 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ғимараттың жалпы аумағы 5 100 м2. Мектеп жанынан алпыс орындық интернат салынған. Жаңа мектептің ашылуы Темір ауданындағы үшауысымдық оқыту проблемасын шешуге мүмкіндік берді.
Мен мектепте қырық жыл мұғалім болдым, қазір зейнеттемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бізде мектеп ашылғанына қуаныштымыз. Мемлекет басшысына алғыс айтамыз. Пандемия кезінде, бүкіл әлем экономикалық қыспақта болғанда біздің мемлекет балаларымыз үшін осындай маңызды әрі үлкен сыйлыққа қаражат қарастырғаны қуантады, - дейді ауыл тұрғыны Майра Қожашева.
Облыс әкімі оқу ғимаратының материалдық-техникалық жарақтануымен танысып, педагогикалық ұжым мен оқушыларға жұмыста және оқуда табысты болуды тіледі.
Өңір басшысының жұмыс сапары Сарыкөл ауылында жалғасып, ол жақта жергілікті орта мектеп жанындағы спорт залының құрылыс барысын қарап шықты. «Ерзат» ПК мердігер мекемесі жүзеге асырып жатқан жобаның құны шамамен 114 млн теңге.
Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында Оңдасын Оразалин 16 пәтерлі екіқабатты үйдің берілу рәсіміне қатысты.
Жаңа баспананың кілті кезекте тұрған 16 адамға, оның ішінде жетім, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға табыс етілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысында мұқтаж халықты баспанамен қамту шаралары жүргізілуде. Бұл жұмыс жалғасатын болады, - деді жаңа қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімі.
Оңдасын Оразалин Хансұлу Рысбаеваның отбасының пәтерінде болды.
Он балам бар. Бәрі өсіп кетті, өз жанұялары бар. Қолымда мүгедек қызым қалды. Оған да баспана ауадай қажет еді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында арманымыз орындалды. Мемлекетке шексіз ризамын. Елімізге тыныштық, амандық тілеймін, - деді Хансұлу Рысбаева.
Демеушілік қаражат есебінен оған жаңа тұрмыстық техника тарту етілді.
Жұмыс сапары Байғанин аудандық әкімдігінің жаңа ғимаратын қараумен аяқталды. Ескі ғимарат сонау 1966 жылдары салынған еді. Айта кетейік, жаңа ғимаратта мемлекеттік қызметті халыққа «Бір терезе» қағидасымен көрсететін «Ашық әкімдіктің» фронт-кеңсесі орналасқан.