Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі жандарды кешенді оңалтатын және оларды қарапайым әлеуметтік мәдени өмірге ықпалдастыратын белсенді шаралар қабылдануда.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс аясында балалар мен ересектерге арнайы әлеуметтік көмек көрсетіп жатқан екі оңалту орталығының қызметімен танысты.
"Малика" әлеуметтік оңалту орталығында 16 жасқа дейінгі балалармен жұмыс жасалады.
Бізде тірек-қимыл, жүрек-қан тамыр, тыныс алу жүйелері науқас, көруі, естуі нашар балалар бар. Олармен 15 күн бойы психолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, массаж жасаушы, логопед-дефектолог, педиатр және т.б. сынды білікті мамандар қарқынды жұмыс істейді,- деді орталық директоры Шара Жарылғасова.
Орталықты қарау барысында Оңдасын Оразалин жас емделушілермен және олардың ата-аналарымен әңгімелесті.
Бала бұл жерге өз еркімен қуана келеді. Аузымен айта алмаса да, эмоциясынан көремін. Жалпы, қалада Даун синдромы бар балаларға осындай орталықтар жоқ деп айтуға да болады. Сондықтан біздер - ерекше балалардың ата-аналары бізге жағдай жасалып жатқанына, мемлекеттік назардан тыс қалдырмағанына алғыс айтамыз,- деді Гүлназ Қалменова есімді ата-ана.
Сонымен бірге, ата-аналар осы орталықтың жанынан мүмкіндігі шектеулік бүлдіршіндерге арнап балабақша ашылғанын қалайтындарын жеткізді.
Облыс әкімі уәкілетті өкілдерге бұл сұрақты шешуге қолдау көрсетуді тапсырды.
Өңір басшысы сондай-ақ, "Роза" орталығындағы науқастарға арналған оңалту әдістемедерімен және жағдайларымен танысты.
Ақтөбелік Татьяна Анатольевнаның осында емделіп жатқанына төртінші күн. Айтуынша төрт күннің ішінде оң нәтижеге қол жеткізген.
Мұнда бәрі мінсіз. Орталықты ашқан, бізге қызмет көрсетіп жатқан, емдеп жатқан кісілердің бәріне ризамын. Өзімді керемет сезінемін. Осында келгеніме төртінші күн, бірақ нәтижесі жүзімнен байқалады,- деді зейнеткер, екінші топ мүгедегі.
Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі 27,5 мыңдай адам тұрса, оның 4,5 мыңға жуығы 18 жасқа дейінгі балалар. Биыл өңірде балаларға арналған екі және ересектерге арналған бір мамандандырылған орталықта оңалту қызметтерін көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс берілді. Қазіргі таңда аумағы 3 мың м2 болатын тағы бір үлкен заманауи оңалту орталығын ашу үшін ыңғайлы ғимарат іздестіріліп жатыр. Бұдан басқа, «Nur Otan» партиясының "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" атты сайлауалды бағдарламасы аясында мамандандырылған спорттық нысанның және т.б. құрылысы басталды.
Медициналық, әлеуметтік оңалту қызметтеріне сұраныс жоғары. Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бар. Осы жылдан бастап аталмыш бағытты дамытуға бюджеттен қосымша қаражат бөлдік. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады,- деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.