Әкім: Ақтоғай ауданында шешімін таппай отырған мәселе көп

22 Қыркүйек 2021, 21:31
3780
Бөлісу:
Әкім: Ақтоғай ауданында шешімін таппай отырған мәселе көп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Ақтоғай ауданы Шашубай кентінің тұрғындарымен кездесті. Бұл кентте тұрғындар тарапынан наразылық тудырып келе жатқан көптеген мәселелер бар.

Осы жылдың мамыр айында өткен кездесуде Шашубай тұрғындары ТКШ және абаттандыру мәселелерін көтеріп, дәріхананың жоқтығына және медициналық қызметтердің сапасына шағымданған еді. Сондай-ақ, оларды бос тұрған көп қабатты үйлердің болашағы, медпункт, балалар алаңын жөндеу және тағы басқа сұрақтар алаңдатты - деп жазды әкім өз парақшасында.

Жаз бойы бірқатар мәселелер сәтті шешілді, қалған мәселелер бойынша да шешімдер бар.

Кентте әлеуметтік дәріхана мен күндізгі стационар жұмыс істей бастады. Қабылдауды Балқаштан келген профильдік мамандар жүргізеді. Отбасылық дәрігерлік амбулаторияны жөндеуге конкурс жарияланды, нәтижесі белгілі болғаннан кейін жұмыстар басталады. Цифрлық рентген аппараты мен физиотерапиялық жабдықтарды жеткізуге шарттар жасалды. Ақбергенов көшесінде бірнеше бес қабатты ғимаратты қалпына келтіру жоспарлануда. Күрделі жөндеуден кейін пәтерлер кезекте тұрған адамдарға беріледі - деді Жеңіс Махмұтұлы.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен екі көп қабатты тұрғын үйдің шатыры жаңартылып, қасбеттері, балкондары мен астыңғы қабаттары жөнделді.

Сонымен қатар, кентте көп балалы отбасыларға арналған екі қабатты төрт үйдің құрылысы басталды. Оларды сатып алуға Ұлттық қордан және аудандық бюджеттен қаражат бөлінді. Қалпына келтірілетін тұрғын үйлерге арналған жаңа модульдік қазандықтың құрылысы жоспарда бар. Көктемде жобалау-сметалық құжаттама әзірленуі тиіс, содан кейін құрылысқа конкурс жарияланатын болады. Осы кездесуде кенттің су құбыры, жылу және кәріз желілерін Балқаш қаласының коммуналдық кәсіпорындарының балансына беру мәселесі талқыланды. Рәсім жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. «Балқаш-Шашубай» автобус бағытын ұзарту мәселесі шешілді. Ол үшін қосымша автобус бөлінеді - деді өңір басшысы.

Өзгелердің жаңалығы