“Африка мәдени орталығы” ҚБ төрағасы Даниэль Джеймс Алғыс айту күні туралы ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алғыс айту күні – мен үшін ризашылық пен бірліктің мерекесі. Бұл күн әр адамның өткеніне қарап, өміріндегі маңызды сәттер үшін алғыс білдіретін ерекше күн. Мен бұл мерекені достық пен татулықтың символы деп білемін. Әртүрлі мәдениет пен ұлт өкілдерінің бірлігін, ортақ тарихымызды және еліміздің болашағына деген сенімімізді нығайтатын күн, - деді ол.
Даниэль Джеймс қазақша еркін сөйлейді және қоғамдық қызметте белсенді. Жүргізуші, шоумен. Домбыра тартады. Қазақстан – Даниэльдің туған жері.
Әкем осы елге 40 жыл бұрын келген, мен Алматыда тудым. Қазақстан – туған жерім, осында дүниеге келдім, өстім, өмірімнің барлық маңызды кезеңдері осында өтті. Сондықтан бұл елде қалу – мен үшін табиғи әрі саналы таңдау, - деді Даниэль.
Ол Қазақстанның ерекшелігі көпұлтты әрі қонақжай ел болуында деп санайды.
Мұнда әртүрлі халықтардың дәстүрлері бір-бірімен үйлесім тауып, бейбітшілік пен сыйластықта өмір сүруде. Табиғаты да ерекше: кең байтақ даласы, әсем таулары мен шұрайлы өлкелері адамға шабыт береді. Сондай-ақ қазақ халқының дархандығы мен қонақжайлығы мені әрдайым таң қалдырады, - деді ол.