Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әкелердің декреттік демалысы: Еңбек өтілі мен зейнетақы қалай есептеледі?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
19 Қараша 2025, 13:15
654
Бөлісу:
 zerkalo.az
VIDEO
Фото: zerkalo.az

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов декретке шыққан әкелерге төлем қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірнеше жыл бұрын ер азаматтарға да декреттік демалысқа шығу мүмкіндігі берілген болатын. Бұған дейін бұл құқық тек әйел азаматтарға ғана қарастырылған еді. Қазіргі біз ұсынып отырған өзгеріс - декреттік демалысқа шыққан әкелердің еңбек өтілін зейнетақы есептеу кезінде толықтай ескеру. Яғни егер әке үш жасқа дейінгі баласын бағып-қағу үшін демалыста болса, осы кезең оның еңбек өтіліне қосылады, - деді депутат кулуарда.

Бұл базалық зейнетақыны тағайындау кезінде де, 1998 жылға дейінгі стажы бар азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу кезінде де ескеріледі. Депутаттың айтуына қарағанда, бұл өзгеріс мыңдаған, тіпті он мыңдаған азаматтарымыздың құқығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Мен министрлікте жұмыс істеген кезімде осы құқықты пайдаланып, декретке шыққан әкелерді білемін. Әдетте декретке шығу туралы шешімді жұбайлар өздері қабылдайды. Кейде бұл шешімге табыс та әсер етеді. Мысалы, жоғары табысы бар адам жұмысын жалғастырады, ал екінші жұбай декретке шығады. Кейде басқа да факторлар әсер етеді. Бұрын декрет тек әйелдерге, яғни аналарға ғана берілетін, қазіргі таңда бұл құқық әкелерге де берілді, - деп айтты Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бұл норманы енгізу бойынша тіпті Конституциялық сотқа жүгінгендер болған. Конституциялық соттың тиісті шешімі шығарылған.

Олар да бұл норманы дискриминациялық деп таныды. Сондықтан бұл нақты факт. Конституциялық сотқа жүгінген жағдайлар болғанын ескерсек, мәселенің ауқымы да өте кең екені белгілі. Айтайын дегенім, қазір декретке шыққан әкелер саны өте көп, – деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы