Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әке-шешесін ұрған ұл, өз әйелін өлтірген еркек: Қоғам неге қатыгез болып барады?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
18 Қыркүйек 2025, 15:35
699
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Соңғы уақытта елде болған қайғылы оқиғалар – жасөспірімдер арасындағы зорлық, ата-аналарға қол көтеру, тұрмыстық жанжалдар қоғамды елең еткізбей қоймады. Мәжіліс депутаттары бұл мәселелерге байланысты өз пікірлерін білдіріп, тәрбие мен отбасылық құндылықтарды қайта қарау қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттар бұл ахуалды тек құқық қорғау органдарының деңгейінде емес, отбасы, мектеп және қоғамның бірлескен әрекеті арқылы шешу керек деп есептейді.

"Адамдық келбетті жоғалтпауымыз керек"

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров елде жастар арасында болып жатқан қайғылы оқиғаларға қатты алаңдаулы екенін жеткізді.

Соңғы кезде жастар арасындағы төзімсіздік пен бір-бірін сыйламау белең алып барады. Бұл – тек мектептің емес, ең алдымен отбасындағы тәрбиенің көрсеткіші. Қайғылы жағдайлар, әкесін ұрып, қатарластарына қол көтергендер – бұлар кездейсоқ оқиғалар емес, бұл – қоғамдық дерттің айғағы, – деді депутат.

Оның айтуынша, бүгінде жастар арасында адамгершілік, сыйластық, сабыр секілді құндылықтар әлсіреп барады. Ал мұндай ахуалды тек экономикалық қиындықтармен немесе жұмыссыздықпен ақтап қалу жеткіліксіз.

Біздің қоғамда адамгершілік пен адамдық келбетті сақтап қалу – басты міндеттердің бірі болуы тиіс. Тәрбие – ата-ананың мойнындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан біз бүкіл қоғам болып, отбасы институтын күшейтуге, мектеппен байланысын нығайтуға тиіспіз, – деп айтты депутат.

"Отбасындағы тәрбиеге уақыт қалмай барады"

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев та соңғы қайғылы оқиғаларға байланысты пікір білдіріп, бұл жағдайлардың тамыры тереңде жатқанын айтты. Оның сөзінше, Түркістан облысында ата-анасын ұрған, жұбайын өлтірген секілді ауыр қылмыстардың жиілеуі – отбасындағы рухани дағдарыстың көрінісі.

Мұндай әрекеттерді еш ақтап алуға келмейді. Бізде өлім жазасы жоқ болғанымен, жазалау шаралары қатаң болуы тиіс, – деді ол.

Ол қоғамда ата-ананың бала тәрбиесіне уақыт бөле алмауы үлкен проблемаға айналып отырғанын айтты.

Көп ата-ана таңнан кешке дейін жұмыста. Бірі – кредит, бірі – күнкөріс қамымен жүр. Мұндай жағдайда балаға уақыт бөлу қиындайды. Тәрбиенің орнын смартфон, TikTok, әлеуметтік желілер алмастырып барады. Балалар өз бетінше өсіп жатыр, – дейді депутат.

Темір Қырықбаев Жамбыл облысындағы үш оқушының өліміне қатысты да пікір білдірді. Ол бұл жайтжүйелі тексеруді қажет ететін жағдай екенін атап өтті.

Сөгіс жариялаумен мәселе шешілмейді. Жағдайға тек әкімшілік көзқараспен қарау жеткіліксіз. Бұл – терең тексеруді, сараптауды қажет ететін құбылыс, – деді ол.

"Интернет – тәрбие құралы емес"

Депутаттар балалардың интернетке, әсіресе TikTok пен әлеуметтік желілерге шектен тыс тәуелді екенін де тілге тиек етті.

Бүгінгі балалар үлкендермен сөйлесуге құлықсыз. Себебі олар өздерін бәрін біледі деп есептейді. Ақпаратты TikTok пен YouTube-тен алады. Бірақ ол – тәрбие емес. Нағыз тәрбие – ата мен әженің, әке мен шешенің жанында отырып, олардың өмірлік тәжірибесін тыңдау, – деді Темір Қырықбаев.

Депутаттар ата-аналарды бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуге, мемлекеттік органдарды қоғаммен ашық жұмыс істеуге шақырды. Олар мұндай келеңсіз оқиғаларды жасыру емес, ашық айтып, алдын алу қажет екенін баса айтты.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған депутаттық балалардың тәрбие мәселесін көтерген болатын. 

Өзгелердің жаңалығы