Кассациялық сот алматылық азаматтың қызы мен немересі арасындағы дауға нүкте қойды. Марқұм әке өзіне тиесілі пәтерді кенже туысы – немересінің атына өсиет етіп қалдырған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызы өсиетті жарамсыз деп тануды талап етіп, әкесінің алкоголизммен ауырғанын және өз әрекеттерінің мәнін түсінбегенін алға тартқан. Алайда сот талапкер ұсынған дәлелдердің деректерді бұрмалауға негізделгенін анықтады.
Іске тартылған психиатр-сарапшы марқұмды ақыл-есі дұрыс емес деп таныған қорытындысын күмәнді рапорттарға сүйене отырып жасаған. Сот барысында ер адамның ешқашан психиатриялық есепте тұрмағаны белгілі болды, сондай-ақ сараптама құжаттарында оның тұрған қаласы да қате көрсетілгені анықталды.
Медициналық стандарттардың өрескел бұзылуына байланысты сот жеке ұйғарым шығарып, нәтижесінде дәрігер-психиатрдың лицензиясы кері қайтарылды.
Сотта куә ретінде шақырылған әйел марқұм атаның немересіне тұрғын үйді саналы түрде қалдырғысы келгенін растады. Оның айтуынша, немересі атасына қамқорлық жасап, онымен бірге 10 жылдан астам уақыт тұрған.
Нотариус өсиет рәсімдеу кезінде барлық рәсімді заң талаптарына сай жүргізген, ал мұра қалдырушы көзі тірісінде өз шешімін өзгертпеген.
Осылайша, кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың шешімдерімен келісіп, өсиетті заңды деп таныды.