Жақында ғана Мемлекет басшысы Рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған болатын. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Зарема Шәукенованың пікірін білген едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Өздеріңіз білетіндей, рақымшылық – қылмыс жасаған адамдарға мемлекеттік органның шешімі бойынша қолданылатын шара. Оның мәні жазадан толық немесе ішінара босатуда, жазаны неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруда немесе қылмыстық қудалауды тоқтатуда жатыр. Оның кешірім жасаудан айырмашылығы, ол жеке адамға емес, адамдардың барлық санатына, мысалы, әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, қысқа мерзімге сотталғандарға және т.б. қатысты болатындығында – дейді академик.
Рақымшылық бүкіл әлемде кеңінен қолданылады. Ол ТМД-ның барлық елінің заңнамасында қарастырылған.
Сонымен бірге бұл мемлекеттерде оның қолданылу аясы бірдей емес. Кейбір мемлекеттерде рақымшылық жиі жарияланып, қылмыскерлердің едәуір бөлігіне қатысты жасалынса, басқаларында керісінше, олар тек ерекше жағдайларда ғана қолданылады. Бұрынғы кеңестік кезеңнің тарихына байланысты жалпы біздің қоғам рақымшылық жасауға біршама сақтықпен қарайды. 1953 жылғы есте қаларлық рақымшылық («1953 жылдың суық жазы ...» көркем фильмін еске түсіріңіз) нәтижесінде қауіпті қылмыскерлердің біразы босатылды. Бұл рақымшылық кейбір аймақтарда қылмыс санының айтарлықтай өсуіне алып келіп, алаңдаушылық тудырған болатын – деп еске алады Зарема Кәукенқызы.
Оның сөзіне қарағанда кейбір ғалымдар мен саясаткерлер де рақымшылық жасауға сақтықпен қарайды.
Олардың қорқынышы әдетте қоғамға қарсы тұрақты ұстанымы бар және қылмысты қайта жасауға бейім адамдарды амнистиялау нәтижесінде босату мүмкіндігімен байланысты. Олардың пікірінше, рақымшылық актісі жынысына, жасына, ұлтына және т.б. қарамастан барлық санаттағы азаматтардың теңдігін қамтамасыз ететін қылмыстық заңның әділеттілік принципін бұзады. Егор Гайдар осыған қатысты: «Қылмыскерлерге гуманизм жасау, кем дегенде олардың құрбандарының есебінен болуы орынсыз» деген болатын. Соған қарамастан, рақымшылық қылмыстық құқықтың тұрақты тарихи институттарының бірі болып саналады. Оның маңызды рөлі ежелгі дәуірден белгілі. Грек тілінен аударғанда амнистия – ұмыту, кешіру дегенді білдіреді. Б.з.д. 404 жылы Афина билеушісі Трасибул өткен күндердің істерін ұмыту туралы ұсынысты бүкілхалықтық дауысқа салды. Афиналықтар «амнистия» деп атаған бұл кешірім шайқалып, күйреген мемлекетті бұрынғы қалпына келтірді – дейді Зарема Шәукенова.
Академиктің сөзінше рақымшылықтың жағымды жақтары бар. Оны пайдалану қажеттігі, әдетте бірнеше себепке негізделеді.
Рақымшылықтың көмегімен қолданыстағы немесе бұрыннан бар қылмыстық заңнаманың кейбір кемшіліктерін жоюға болады. Рақымшылықты белгілі бір қолайсыз мән-жайлардың тоғысуы нәтижесінде жасалған уақытша сипаттағы жекелеген қылмыстарға қатысты қолдану дұрыс және қажет. Рақымшылықты мемлекет өзінің қателік жасаған азаматтарына көрсететін адамгершілік ұстанымы ретінде қарастыруға болады. Рақымшылық қазіргі қылмыстық құқық үшін де маңызды болатын қылмыстық қуғын-сүргіннің үнемділік принципі мен гуманизм принципін жүзеге асыруға ықпал етеді. Заманауи рақымшылықтың тиімділігі айтарлықтай жоғары, ал амнистияға ұшырағандар арасындағы қылмыстардың қайталану пайызы салыстырмалы түрде төмен (5%-дан аспайды) – дейді саясаттанушы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасап, өз кінәсін түсініп, істеген ісіне өкінгендерге екінші мүмкіндік беру туралы шешімін жариялады.
«Шерушілер де, тәртіп сақшылары біздің азаматтарымыз, олар тек объективті әділдікті қана емес, сонымен бірге қоғамның кешірімін де күтеді» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Рақымшылық актiсi мемлекеттiк және өзге де аса қауiптi қылмыстар жасаған адамдарға, аса қауiптi рецидивист деп танылған адамдарға, рақымшылық немесе кешірім актiсi бойынша бұрын жазадан босатылған адамдарға, жазаны өтеу мерзiмiн қасақана бұзғандарға қолданылмайды. Осылайша, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасаған, қайталап қылмысқа барғандар, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде азаптауды қолданғандар рақымшылыққа ілінбейді – дейді ол.
Саясаттанушы қандай азаматтардың рақымшылыққа ілінетінін атады.
Қазақстан Республикасының «Рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес мемлекет пен қоғам тарапынан жасалған біржолғы адамгершілік актісі – арандатушылардың ықпалына түсіп, 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қылмыстық іс-әрекеттер жасаған адамдардың, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде заңсыз әрекеттердің жолын кесу барысында қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған құқық қорғау және әскери қызметшілердің жаза мерзімін қысқарту және жазасын өтеуден босатуды білдіреді. Мемлекет басшысы дәл айтып кеткендей, біз адамгершілік таныта отырып, тұтас ұлт ретінде бұл трагедиядан сабақ аламыз, оның қайталануына жол бермейміз – дейді Зарема Шәукенова.