ҚР ҰҒА академигі, социология ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шәукенова "Орталық Азия – Қытай" саммиті аясында көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдіріп, аймақтық серіктестікті нығайтуда ғылыми дипломатияның маңызына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Академиктің айтуынша, "Орталық Азия – Қытай" саммиті тұрақты форматқа айналып келеді. Келесі саммит 2027 жылы Астанада өтетіні туралы шешім қабылданды. Бұл – Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы диалогтың үздіксіз әрі сенімді жолға қойылғанын білдіреді.
Профессор Шәукенова 2025 жылғы саммиттің Астанада өтуі символдық мәнге ие екенін атап өтті. Себебі дәл осы қалада, 2013 жылы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет "Жібек жолының экономикалық белдеуі" бастамасын жариялаған болатын.
Қытай бүгінде Орталық Азияның ең ірі сауда әріптесіне айналды. Әсіресе Қырғызстан мен Өзбекстан үшін ҚХР-дың рөлі импорттық салада айқын байқалса, Түрікменстан үшін – экспорттық бағытта маңызды. Қазақстанмен Қытай арасындағы сауда-саттықта салыстырмалы түрде тепе-теңдік сақталып отыр, - деді ол.
Зарема Шәукенова Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынаста инвестициялық ынтымақтастық пен ғылыми-техникалық байланыстарды дамыту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл елдер стратегиялық әріптестік пен өзара сенімге негізделген жаңа үлгідегі мемлекетаралық қатынастарды қалыптастырып отыр.
Академик ғылыми дипломатияны – халықаралық ынтымақтастықтың маңызды құралы ретінде бағалап, бірлескен зерттеулер, білім беру жобалары мен сараптамалық форумдарды дамытудың маңыздылығын алға тартты. Осы тұрғыда ол Қазақстан Президентінің 2026 жылды Қытай мен Орталық Азия елдерінің Білім мен ғылым жылы деп жариялау туралы ұсынысын қолдап, бұл бастама гуманитарлық байланыстарға серпін беретініне сенім білдірді.
Сарапшы пікірінше, Орталық Азия мен ҚХР ғылыми мектептері, жоғары ғылыми әлеует пен білім кеңістігін дамыту саласындағы ынтымақтастық – ортақ жоғары технологиялық болашақ құру мен адами капиталды нығайтудың кілті.