«Ақ жол» партиясы ШОБ кәсіпкерлерін қайта қаржыландыруды ұсынды

4 Қараша 2020, 19:39
1437
Бөлісу:
«Ақ жол» партиясы ШОБ кәсіпкерлерін қайта қаржыландыруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақ жол» тез арада зардап шеккен шағын және орта бизнестің несиелерін 6% көлемінде қайта қаржыландыруды бастауды және Жолдаудың орындалмауына кінәлілерді жазаға тартуды талап етеді. Тиісті депутаттық сауалды Мәжіліс отырысында партия төрағасы Азат Перуашев жолдады. 

Президент Қ.Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында «Экономиканың зардап шеккен секторларында шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы несиелерінің жылдық пайыздық мөлшерлемелерін 6%-ға дейін мемлекеттік субсидияландыру қамтамасыз етуді» тапсырды. Президент осы мақсаттарға қосымша 200 млрд теңге бөлінетінін, ал субсидияландыру бағдарламасының жалпы көлемі 800 млрд теңгеге дейін жеткізілетінін хабарлады. Бұл тапсырма кәсіпкерлік қауымдастық ортасында қызу талқыға түсті, - деді Перуашев.

Ол атағандай, биыл пандемияға қарсы күреспен бірге, ауыр экономикалық дағдарысқа  айналған жыл болғаны ешкімге құпия емес.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректері бойынша пандемия мен оның салдарынан 1 млн-нан астам кәсіпкер, яғни тіркелген бизнес субъектілерінің 3/2 зардап шекті, төтенше жағдай мен локдаун шектеулеріне байланысты 430 мыңнан астам кәсіпкер өз қызметін тоқтатты, олардың басым бөлігі әлі күнге дейін кәсіптерін қайта іске қоса алмауда. Көлік қызметі, сауда және қызмет көрсету салалары, тамақтану, қонақ үй бизнесі, жылжымайтын мүлік операциялары және басқалары үлкен шығындарға ұшырады, - деді депутат. 

Перуашев биылғы 13 тамызда дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде қабылданған жаңа төмендетілген несиелік мөлшерлемелер бойынша қолданыстағы несиелерді бұрынғы борыштық жүктемелерді көшірмей, қайта қаржыландыруды ұсынғанын айтты. 

Сондықтан біз Президенттің зардап шеккен шағын және орта бизнестің барлық несиелерін 6%-бен қайта қаржыландыру туралы тапсырмасын аса маңызды және тиімді шара ретінде қабылдадық. Отандық кәсіпкерлер үшін бұрынғы пайыздық мөлшерлемелердің өте жоғары екендігін және өндірістік айналымның апатты түрде төмендеуін ескерсек, қазіргі жағдайда мұндай іс-шараның өте өзекті мәселелердің бірі болғанын батыл айта аламыз. Президент Жолдауы жарияланған күннен бері екі ай өтті.Алайда «Ақ жол» демократиялық партиясына барлық өңірдің кәсіпкерлерінен келіп түскен хабарларға сүйенсек, осы уақытқа дейін бір де бір облыста немесе қалада мұндай қайта қаржыландыру басталған жоқ, - деді ол. 

 «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы Мемлекет басшысы тапсырмаларының  бюрократиялық әуре-сарсаңға салынып, мыңдаған кәсіпкер күйреу алдында тұрғанына, ал кәсіпкерлерді қолдауға бөлінген жүздеген миллиардтардың  қозғалыссыз қалуына жол берілмеуі керек деп санайды. 

Осыған байланысты біз Үкіметтен, Ұлттық банктен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен пандемиядан зардап шеккен барлық шағын және орта бизнес несиелерін шұғыл түрде және кідіріссіз 6%-бен қайта қаржыландыру шараларын  бастауды сұраймыз. Біз Президент Жолдауының орындалмауына, оның тоқтатылуына жол берген лауазымды тұлғаларды анықтауды және оларды жауапкершілікке тартуды сұраймыз, - деді ол.
  
Өзгелердің жаңалығы