Мәжіліс депутаты Асқар Садықов Air Astana әуекомпаниясына тиесілі ұшақтар Қазақстанда емес, Ирландияда тіркелгенін айтып, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өзіңізге білгілі Air Astana АҚ ұлттық тасымалдаушы болып «Самұрық-Қазына» қорының қатысуымен құрылған. Кез келген әуекомпаниясының басты активі – ұшақтары.
Осы орайда Air Astana әуекомпаниясына тиесілі ұшақтар Қазақстанда емес, Ирландияда тіркелгенін айта кету керек. Демек, Қазақстан ұлттық тасымалдаушының меншігіне бақылау жасай алмайды. Оның үстіне Air Astana президенті Питер Фостер жақында компанияның өз ұшақтарын Қазақстанда тіркеуі жоспарда да жоқтығын мәлімдеді, - дейді депутат.
Депутаттар мұндай ұстаным еліміздің ұлттық экономикалық мүддесіне сай келмейді деп есептейді.
Компания басшылығының еуропалық тіркеу әуе компаниясына Батыс елдеріне рейстерді орындауға мүмкіндік береді деген уәжін сенімсіз деп санаймыз. Себебі компанияның құрылғанына ширек ғасыр толды, осы екі онжылдықта Азаматтық авиация комитеті барлық қажетті мәселені әлдеқашан пысықтап, шешуі керек еді. Күні кеше ғана Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның Халықаралық азаматтық авиация ұйымының талабына сәйкестігін растап, АҚШ-қа тікелей рейстер ашылатынын хабарлады. Бірақ Air Astana президенті мемлекеттік органның ұстанымын ғана емес, жалпы еліміздің құқықтық шартын да лайықсыз деп санайтын секілді. Не еліміздің ұлттық мүддесін мүлде елемейді, - деп айтты мәжілісмен.
Бұл мәселе Air Astana-ның IPO-ға шығуының жоспарланып, акцияларының 25 пайызының сатылуы тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Үстемдікке ие және мемлекетіміздің құйған қаржысы мен бағасы шарықтаған әуе билеттерін сатып алатын азаматтарымыздың есебінен құрылған бұл бизнесті кім басқарады деген сұрақ туындайды? Ал әуепаркі түріндегі негізгі активтер әуелден басқа елде тіркелген болса, Қазақстан мүддесінің қорғалуына қандай кепілдік бар? Сонымен қатар FlyArystan компаниясының әуепаркіне қатысты жағдайды да түсіну қажет. Мәжілісте аталған компанияның құрылуы мен оның тариф саясатына қатысты талқылау барысында ААК және Air Astana өкілдері FlyArystan компаниясының нағыз лоукостер болатынын айтып сендірген еді. Алайда, олай болмады, - дейді депутат.
Жақында «Air Astana» АҚ президенті FlyArystan әуекомпаниясының «Air Astana» құрамынан шығарылмайтынын мәлімдеді. Алайда, «Ақ жол» демпартиясы фракциясының 2023 жылғы 14 қыркүйектегі депутаттық сауалына Үкімет FlyArystan компаниясын жеке заңды тұлғаға бөлу жоспары әзірленді деп жауап берген болатын.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы FlyArystan әуе компаниясын ұшу құнын нақты арзандататын тәуелсіз арзан лоукостерге айналдыру мәселесін қайта көтеріп отыр. Бұл компанияның толығымен жаңа ұшақтардан тұратын әуепаркі де Қазақстанда тіркелуі тиіс.
Сарапшылар Ирландияда ұшақтарды тіркеудің тағы бір себебі ретінде осы юрисдикцияның ықтимал салық артықшылығын атайды. Дегенмен «Ақ жол» фракциясы ұлттық тасымалдаушы өз елінде салықтан жалтармауы керек деп есептейді. Әйтпесе, бұл атышулы бір шенеуніктің «Қазақстанда ақша тауып, оны Лондонда жұмсау керек» деген кеңесін еске түсіреді. Бұл жағдай ұлттық компаниялардың жұмысын деофшоризациялау секілді ауқымды мәселені де тудырады. Мемлекеттегі бизнесмен мырзалар - ар-ұят пен ерліктеріңіз болса, миллиондаған жалақы мен бонустарды тауып жүрген елге салық төлеуді ұмытпаңыздар, - дейді депутат сауалында.
Депутаттар мынадай талап қойды:
1. «Air Astana» және «FlyArystan» компанияларының қазақстандық әуе кемелерін Қазақстан Республикасында тіркеу мәселесін шешу.
2. FlyArystan-ды жеке компания ретінде бөліп, оны лоукостер үшін белгіленетін тариф шартын сақтауға міндеттеу.
3. Экономиканы монополиясыздандыру аясында ұлттық компаниялар мен басқа квазимемлекеттік кәсіпорындар пайдаланатын оффшорлық схемаларды анықтау, сондай-ақ оларды Қазақстанның ұлттық салық юрисдикциясына қайтаруға міндеттеу бойынша жұмыс жүргізу.