Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен AIF-2025 форумы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ең алдымен Мемлекет басшысы форумға қатысушыларды қарсы алып, басқосуға шетел үкіметтерінің басшылары, дипломатия, бизнес және академиялық ортадағы достарымыз бен әріптестеріміз қатысып отырғанын жеткізді.
Мәртебелі меймандарымызға, атап айтқанда, Руанда Президенті Поль Кагамеге және Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковаға, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсеге, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунға, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілеріне, форумның өзге де қатысушыларына шынайы ризашылығымды білдіремін. – деді Президент.
Тоқаев форум аясында жаһандық экономика, өңірлік ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібіндегі басқа да мәселелер жөнінде нәтижелі пікір алмасу болатынына сенім білдірді.
Бүгінгі жиын әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отыр. Мұны жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттасақ та болады. Алайда бұл тұжырымды тарихшылардың еншісіне қалдырған жөн. Қазір осы жағдайға қалай жауап беретініміз маңызды. Алдымызда таңдау тұр: қандай шешім қабылдаймыз, қандай құндылықтарды қорғаймыз?! – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев форумның ашылуында сөйлеген сөзінде.