Аида Балаева: Зайырлы мемлекет – дінді жоққа шығару емес, жауапкершілік аясын айқындау

Жобадағы өзгерістер қолданыстағы нормаларды күшейте түседі.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 12:25
Бүгiн 2026, 12:25
233
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция жобасындағы мемлекеттің зайырлылық сипатын нығайтатын нормаларға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жаңа Конституция жобасында мемлекетіміздің зайырлы сипатын бұрынғыдан да айқындай түсетін норма енгізілді. Қолданыстағы Конституцияның бірінші бабында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны көрсетілген болса, енді бұл қағидат дербес әрі ауқымды түрде нақты бекітіліп отыр. Ең алдымен, азаматтардың діни сеніміне, дәстүрлері мен таңдауына құрметпен қарайтынымызды атап өткім келеді. Әсіресе, айлардың сұлтаны – Рамазан айында, көптеген адам ар-ождан, адамгершілік, ішкі тәртіп пен өзара құрмет мәселелеріне айрықша мән береді. Сондықтан мұндай нормалар туралы жан-жақты салмақтап, байыппен пайымдау маңызды, - деп жазды Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер қоғамдағы тұрақтылық пен әр азаматтың сенім бостандығын қорғауға бағытталған.
Заң жобасынадағы 7-баптың 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деп көрсетілген. Бұл – маңызды институционалдық қадам. Мұнда ерекше атап өтетін мәселе бар. Зайырлы мемлекет – дінді жоққа шығарады деген сөз емес. Бұл – жауапкершілік аясын айқындау. Мемлекеттік саясат діни нормаларға емес, заңға негізделеді. Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті деп есептелмейді. Азаматтардың барлығы өз діні мен сеніміне қарамастан тең құқылы. Конституциялық норма құндылықтарды айқындаса, заң оны жүзеге асыру тәртібін бекітеді. Жаңа бапта «Діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және конституциялық құрылыс негіздерін, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін» деп көрсетілген. Яғни ар-ождан, діни сенім бостандығы мен қоғам және мемлекет алдындағы жауапкершілік арасындағы тепе-теңдік сақталады, - дейді министр. 
Сөзін қорытындылай келе, министр еліміздегі діни бірлестіктердің қызметін, құқығы мен жауапкершілігін реттейтін жеке заң қабылданатынын атап өтті. 
Бұл норма жаңа жобағадағы 25-баппен (қолданыстағы Конституцияда – 22-бап) тікелей үндеседі. Онда: «Әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп бекітілген. Сонымен бірге осы құқықты пайдалану жалпыадам­зат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы мiндеттерді шектемеуге тиіс екені атап көрсетіледі. Осылайша, жобадағы өзгерістер қолданыстағы нормаларды күшейте түседі. Бұл – конфессияаралық келісімді, құқықтық тәртіп пен қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудың кепілі. Ең бастысы әр адамның сеніміне құрметпен қарай отырып, заң алдындағы ортақ жауапкершілікті бекемдей түсетін маңызды қадам, - дейді Аида Ғалымқызы. 
 
Наверх