Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдің цифрлық трансформация жағдайында мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы ол Астанада үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде еліміздің алдында үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналу, жасанды интеллект ресурстарын тиімді пайдалануды үйрену міндеті тұр. Цифрландыру мен жасанды интеллект біздің бірлескен жұмысымызды қалай жақсарта алатынын түсіну өте маңызды, - деді министр Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын еске сала отырып.
Аида Балаеваның айтуынша, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар цифрландыру мен инновациялық дамудың ортақ үдерістеріне бірлесе қатысып, параллель емес, синхронды түрде әрекет етуі керек.
Біз бұл үдерістерден тыс қала алмаймыз. Біз әрдайым сындарлы диалогқа мүдделіміз. Қоғамдағы өзекті мәселелердің бәрін тек диалог арқылы шешуге болады, - деді ол.
Министрдің айтуынша, мұндай кездесулер мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ 15–16 қазанға жоспарланған алдағы Азаматтық форумға сапалы дайындық жүргізуге ықпал етеді.
Бір-бірімізді тек тыңдау ғана емес, шын мәнінде есту де өте маңызды. Азаматтық альянс бүгінде нақты өзара іс-қимыл орнатып, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында үлкен жұмыс атқарып отырған біздің ресми серіктесіміз болып табылады, - деп атап өтті Аида Балаева.
Еске салайық, бұған дейін Аида Балаева Астанада үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездескенін хабарладық.
Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрі қоғамдық бақылауды күшейтуге шақырды.