Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Аида Балаева мәдени жобаларды қолдаған серіктестерге алғыс айтты

21 Қараша 2025, 11:15
289
Бөлісу:

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ташкент қаласында өткен «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы туралы айтып, жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан серіктестерге алғыс білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, қойылымның үлкен табыспен өтуіне шығармашылық салаға қолдау көрсеткен меценаттардың еңбегі зор.

Құрметті достар! Жуырда Ташкент қаласында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы үлкен табыспен өтті. Бұл — шығармашылық салаға жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен меценаттардың арқасында мүмкін болған айтулы жетістік. Олардың әрқайсысымен жеке танысып, сұхбаттасу мен үшін үлкен мәртебе болды. Осы маңызды мәдени жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық серіктестерге – Halyk қайырымдылық қорына, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорына, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-на және Freedom Holding Corp. компаниясына шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында қазақ өнері халықаралық деңгейде танылуда, – деді ол.

Аида Балаева мәдени жобаларды қолдаған серіктестерге алғыс айтты

Сондай-ақ Аида Балаева Армениядағы Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Еревандағы Радио үйіне барғанын атап өтті. Онда қазақтың біртуар композиторларының сирек кездесетін архивтік жазбалары сақталған. Министр осы құнды мұраларды ұқыптылықпен қорғап отырған Радио үйінің ұжымына да алғыс айтты.

Армян тарапы ұсынған тарихи аудиожазбалардың негізінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен винилді пластинкалардың арнайы сериясын жарыққа шығарды. Бұл коллекцияға қазақ сахна өнерінің бірегей майталмандары — Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева және өзге де танымал орындаушылардың туындылары енгізілді. Аталған серия — ұлттық мәдени мұрамызды сақтау ісіне қосылған маңызды үлес әрі қазақ музыка өнерінің асыл қазынасын келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған ерекше жобалардың бірі. Осы орайда, ел мәдениетінің дамуына, оның қоғамда және халықаралық аренада кеңінен танылуына үлес қосып жүрген барлық серіктестерімізге шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында біз ұлттық өнеріміздің байлығын әлемге паш етіп, оны жас ұрпаққа аманаттай аламыз, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Аида Балаева мәдени жобаларды қолдаған серіктестерге алғыс айтты
Өзгелердің жаңалығы