Аида Балаева «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының басшысы Джерен Гюреспен кездесті

Конституцияда алғаш рет дәстүрлі отбасы институтын қолдау мақсатында неке тең құқықты ер мен әйел одағы ретінде айқын бекітілмек.

 Мәдениет және ақпарат министрлігі Кеше 2026, 16:55
Кеше 2026, 16:55
306
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Орталық Азия бойынша үйлестіру кеңсесінің басшысы әрі Қазақстандағы Елдік кеңсе өкілі Джерен Гювен Гюреспен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, кездесу барысында тараптар гендерлік теңдік, әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, отбасы институтын нығайту және әйелдер мен балалар құқығын қорғау салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.

 

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға, оның ішінде жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша алдағы республикалық референдумға ерекше назар аударылды. Аида Балаева Ата заң жобасында отбасы институтын нығайту, әйелдер мен ерлер үшін тең мүмкіндік жасау, сондай-ақ ана, әке және балаларды қорғау нормалары қарастырылғанын атап өтті.

Конституцияда алғаш рет дәстүрлі отбасы институтын қолдау мақсатында неке тең құқықты ер мен әйел одағы ретінде айқын бекітілмек. Бұл дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға әсер етеді. Қазақстан үшін бұл мәселе аса маңызды. Әңгіме тек мәдени және тарихи дәстүрлерді сақтау туралы ғана емес, сонымен бірге кең ауқымды саяси және экономикалық аспектілер жайында болып отыр. Еліміздің аумағы кең, ал халық тығыздығы төмен болғандықтан, отбасы институтын нығайту мемлекеттің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді, – деп атап өтті Аида Балаева.

Жиында Джерен Гювен Гюрес елдегі гендерлік саясат саласындағы оң өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі кезде БҰҰ мен Қазақстан өзара ынтымақтастықтың екінші кезеңіне өтті.

Сондай-ақ кездесуде «БҰҰ-Әйелдер» сарапшыларын осы жұмысқа тарту мәселесі де сөз етілді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар гендерлік саясат пен тұрақты даму салаларында нақты нәтиже күтілетін жұмыстарды жалғастыруға келісті.

Еске салайық, бұған дейін Аида Балаева Конституцияның шынайы авторы – ел азаматтары екенін айтқан. 

Наверх