ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жаңа Конституция жобасындағы білім беру мәселесіне тоқталды. Ата заңда Қазақстандағы білім беру және тәрбие жүйесінің де зайырлы сипатта екені жан-жақты айқындалғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Тілшісі.
Қазіргі Конституцияның отызыншы бабында орта білімнің тегін әрі міндетті екені, мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негізде жоғары білім алу құқығы кепілдендірілгені және барлық оқу орындары үшін бірыңғай жалпыға міндетті стандарттар белгіленетіні айқын жазылған. Ал жаңа Конституция жобасында бұл кепілдіктер толық сақталған. Оның үстіне, норма кеңейтілді. Енді міндетті білім беру тек орта біліммен шектелмей, бастауыш білім де міндетті саналады. Осылайша, мемлекет әрбір баланың білім алуының алғашқы сатыларынан бастап базалық білім деңгейіне жауапкершілікті арттырып отыр, - дейді министр.
Оның айтуынша, зайырлы білім беру қағидатын бекіту – дінге қарсы бағытталмағанын дұрыс түсіну маңызды.
Ешкімнің сенім бостандығына шектеу қойылмайды. Әрбір кәмелетке толған азамат өз діни көзқарасын еркін таңдап, ұстануға құқылы. Бұл ар-ождан бостандығы туралы конституциялық нормалармен кепілдендірілген. Ең маңыздысы, мемлекеттік білім беру жүйесі діни ұстанымына, дүниетанымына немесе отбасы сеніміне қарамастан, баршаға ортақ, тең және бейтарап болып қала береді. Осы ретте, жаңа Конституция жобасының Преамбуласында ғылым, білім, мәдениет және инновациялар мемлекеттің ең жоғары басымдықтары қатарына жатқызылғанын айрықша атап өткім келеді. Ұлттың білім деңгейі – елдің стратегиялық дамуының негізгі өзегі, - дейді Аида Балаева.
Министрдің сөзінше, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, болашақ мамандардың кәсіби деңгейі мен мемлекеттің тұрақты дамуы мектеп пен жоғары оқу орындарындағы білім сапасына тікелей байланысты.
Осылайша, жаңа Конституция жобасы қолданыстағы кепілдіктерді жай ғана сақтап қоймай, оларды одан әрі нығайта түседі. Білім саласын дамыту – еліміздің жарқын болашағына жасалған маңызды инвестиция екені сөзіз, - деп түйіндеді сөзін Аида Ғалымқызы.