ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жетісу облысына жұмыс сапары барысында Алакөл жағалауындағы туристік инфрақұрылымның жазғы маусымға дайындығын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапарға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Тексеру барысында қонақүй кешендері, кәріз-тазарту құрылыстары, Көктұма ауылындағы жағалауды бекіту учаскесі және Үшарал әуежайы қаралды. Жауапты органдар нысандардың дайындығы мен жобалардың іске асу барысы туралы баяндады.
Өңірде туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Талдықорған – Үшарал және Үшарал – Достық автожолдары жаңғыртылып, көлік қатынасы жақсарған. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылып, жаңа терминал салу жобасы әзірленген.
Инженерлік инфрақұрылым да күшейтілген: электр желілері мен қосалқы стансалар іске қосылып, кәріз жүйелері тартылған. Ақши мен Көктұмада тазарту құрылыстарының құрылысы жалғасуда.
Жағалауды бекіту жұмыстары 13 шақырым аумақты қамтиды. Қазіргі таңда Көктұмада 960 метр, Ақшиде 200 метр жағалау нығайтылған. Бұл жұмыстарды жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Санитариялық жағдайды жақсарту үшін арнайы техника алынған, қоқыс шығару және аумақты күтіп ұстау жұмыстары күшейтілген. Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, құтқару қызметтері, бейнебақылау және дрон арқылы мониторинг жүргізу жоспарланған.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Аида Балаева туристік аймақтың толық дайындығын қамтамасыз етуді, инфрақұрылымдық жобаларды уақытында аяқтауды, қауіпсіздік пен санитариялық талаптарды күшейтуді тапсырды.