Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізуге 55,9 млн теңге бөлінеді

24 Наурыз 2021, 20:03
8347
Бөлісу:
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізуге 55,9 млн теңге бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осыдан бір ай бұрын жасаған депутаттық сауалымызға Премьер-министр Асқар Маминнің атынан жауап хатты алдық, деп хабарлады Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы Facebook-тегі парақшасында.

Сөзбе сөз үтір нүктесіне дейін танысуларыңызға ұсына отырып, сауалымызда көтерілген мәселелердің шешімін табатынына Сіздерді сендіргіміз келеді. Оның үстіне, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланған сауал болғандықтан, халықтың көңіліңде жүрген мазалы ойға жауап беру міндетіміз екенін ұмытқан жоқпыз. Осы мәселеге байланысты кейбір ой-толғауымызды да төменде айтуды жөн көрдік, - деп жазды ол.

Осы ретте ол Маминнің жауап хатын қоса беріпті. Хатта көрнекті тарихи тұлға Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты депутаттық сауалды қарап, келесі шаралар қабылданатыны айтылған:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алаш қозғалысының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын 2022 жылы мемлекеттік деңгейде атап өту мақсатында Үкімет тарапынан тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда;

- Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын ұйымдастыру үшін Премьер-министрдің өкімімен арнайы комиссия құрылды. Премьер-министрдің орынбасары төрағалық ететін комиссия құрамына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдар басшылары, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін зерттеп, мұраларын жинақтап жүрген ғалымдар, зиялы қауым өкілдері енгізілді;

- А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар жобасы әзірленді. Жоспарда қамтылған 42 іс-шараны іске асыруға қажетті 55,9 млн теңге көлеміндегі қаржы республикалық бюджет комиссиясында қаралып, мақұлданды.

Жоспарға сәйкес мерейтой жылы аясында:

- «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиясын, ғалымның еңбектерінің толық жинағының көптомдығын әзірлеу және баспадан шығарып тарату;

- А. Байтұрсынұлының қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы қойылымдық-деректі фильм түсіру;

- Қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық Түркиялогиялық конгресс өткізу;

- Қазақ тілі мен әдебиетін үйретуге арналған «Тіл – құрал» атты арнайы танымдық, зияткерлік телебағдарлама ұйымдастыру жоспарланған.

- Жоспарда Алматы қаласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» жеке меншіктен қала меншігіне өткізу мәселесі қарастырылған;

- Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында оның еңселі ескерткішін елордада орнату мәселесін қарастыруда;

Ұлттық банк Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық монеталар, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мерейтойлық маркалар шығарады.

Аталған мерейтойды ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы даталар күнтізбесіне енгізу туралы өтінім Ұйым Хатшылығына 2020 жылы 25 қарашада ресми түрде (Беларусь, Тәжікстан, Түркия және Иранның қолдауымен) енгізілді. Ұйым тәртібіне сәйкес мүше мемлекеттердің өтінімдері ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесінің отырыстарында қарастырылып, осы жылдың қараша айында өтетін Бас конференция барысында бекітіледі.

Бұдан бөлек А. Байтұрсынұлы өмірге келген Сарытүбек қоныс орны «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында аймақтық маңызы бар киелі жерлер тізіміне енгізілген. Киелі жердің аумағына Байтұрсынұлы әулетінің қорымы мен тұлғаның өмірге келген үйі кіреді. 2010 жылы тұлғаның туған үйінің орнына сол кездегі үлгіде «қоржын үй» қайта тұрғызылған. Бүгінгі күні бұл үйді қазіргі заман талаптарына сай етіп қайта салу оның тарихи мазмұнын төмендететіні ескеріліп, үйді осы күйінде сақтай отырып аумағын абаттандыру жүргізіледі. Аталған объектінің аумағын абаттандыру (тас төсеніштер төсеу, ағаш отырғызу, сыртқы қоршау орнату), сонымен қатар нысанды күтіп ұстаушы отбасы тұратын және келушілер орналасатын үйлер салу жобасы әзірленуде, - делінген министрдің хатында.

Киелі нысанның аумағындағы Байтұрсынұлы ұрпақтары қорымының сыртқы қоршауы 2019 жылы толық ауыстырылып жаңадан орнатылған.

А. Байтұрсынұлы атындағы ауыл Қостанай облысының Жангелдин ауданында орналасқан. Ауылға баратын жолдың жалпы ұзындығы 121,3 км, оның ішінде облыстық маңызы бар 14 км жақсы жағдайда. Аудандық маңызы бар 107,6 шақырым жолдың 11,4 шақырымына биыл 567 млн теңгеге жөндеу жүргізіледі. 96,2 км жолды жөндеу мәселесі Қостанай облысы әкімдігімен қарастырылуда, - делінген Маминнің хатында.

Премьер-министрдің айтуынша, А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған өңірлік іс-шаралар жоспарлары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстар әкімдіктерімен қабылданатын болады. Жалпы ұлт мүддесі жолында қызмет еткен біртуар тұлғалар есімін ардақтау, олардың мерейтойлық даталарын атап өту бағытындағы жұмыстар Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Міне, қуанышты хабар деп отырғаным, депутаттық сауалымызда айтылған мәселелердің көбі қамтылғандығы. Ұлт ұстазы деген аса мәртебелі даңқты аттың иесі Ахмет Байтұрсынұлы туралы, арда туған Қазақ Елінің мақтанышының тарихи орнын жоғары дәрежеде аталып өтетіндігі қуантады. Оқу мен білім, мәдениет, өркениетті дамыту ісіне айрықша зор үлес қосып, бала Ахметтен дана Ахметке дейінгі жолдан өткен, «Қазақ даласы мен санасының шамшырағы», қазақ атты ұлтын ұлықтаған ұлттың ұлы да ұлағатты ұстазы - халқына жол нұсқап, жарқын болашаққа бастаған, бойына сан алуан қабілетті сыйғызған ғалым-энциклопедист тұлғаның ойшыл көзқарастарын бүгінгі және болашақ ұрпаққа насихаттау жолында жасалатын іс-шаралардың ауқымды болуы, заман талабы деп білуіміз керек, - дейді Алтынбек Нұхұлы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар демекші, ең бастысы - Ахаңның 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуі туралы шешімді жыл соңындағы осы ұйымның қараша айында өтетін Бас конференциясында бекітілуін тілейік дейді депутат.

Өзгелердің жаңалығы