Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ағылшын тілін қалай тез үйренуге болатыны туралы кеңес айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордада өтіп жатқан «Қазақстан-Еуропалық одақ: аса қажетті шикізат саласындағы бизнес әріптестік» форумына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев қатысып, ағылшын тілінде баяндама жасады.
Министрден форумның сессиясы аяқталған соң кулуарда «ағылшын тілін қалай тез үйреніп алуға болатынын және каникулға шыққан балаларға тіл үйренуде қандай кеңес бере алатынын» сұрадық.
Мен Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасымен оқыдым. Тілді сол жақта оқыдым. Адам ізденгісі, білімді болғысы келсе, тек қана оқуы керек, күні-түні оқу керек, - деп қысқа жауап берді министр Қарабаев.
Айта кетейік, бүгін Марат Қарабаев 36 жасқа толды. Ол 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Уорвик (Ұлыбритания) университетін «Өндірісті-жүйелік инженерия» мамандығы бойынша үздік аяқтаған, 2015 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша аяқтаған.