Агро-ауыл туризмін дамыту бойынша нұсқаулық әзірленді - министрлік

31 Желтоқсан 2020, 00:05
2642
Бөлісу:
Агро-ауыл туризмін дамыту бойынша нұсқаулық әзірленді - министрлік
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта туризм саласы өкілдерімен 2020 жылды қорытындылауға арналған кездесу өткізді.

Сонымен қатар жиынға Мəдениет спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков, Kazakh tourism Ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев қатысты.

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы 2020 жылы бұл салада атқарылған жұмыспен таныстырып шықты.

Осы жылы туризм саласындағы өнімді дамытуға назар аудардық. Республика бойынша негізгі ТОП-10 туристік бағыт таңдалып, туристік маршруттар каталогы және оларды жақсарту бойынша ұсыныстар жасалды. Агро-ауыл туризмін дамыту бойынша Ақмола, Алматы, Жамбыл және Түркістан облысын қамти отырып, ауыл тұрғындары үшін нұсқаулық əзірленді. Зерттеу жүргізген өңірлердегі агротуризм субъектілерінің тізімін дайындадық. Сондай-ақ биыл Ішкі туризм бойынша онлайн-академия іске қосылды. Академиядағы 6 курсты туризм нарығының 1000 өкілі тəмамдады. Жалпы академияға 1765 адам тіркелген еді,-деді ол.

Дастан Рыспеков пандемия кезінде алдағы уақытта 5 халықаралық іс-шара өткізуге мүмкіндік алғанын (Bizz, SCIJ, Isoprenoid - 2021 жылы, TAAI - 2022, SATW - 2023), бұл іс-шаралар ұйымдастырушы есебінен өтетінін жеткізді.

Осы жылы Қазақстан Lonely Planet ғаламдық гид-анықтамалығының «Қауымдастықтар» санатында «Үздік қонақ үйлер» номинациясын жеңіп алды. Еліміздің туристік әлеуеті Google, Yandex, Facebook, Instagram, Weibo, WeChat-та насихатталды. Бұл жұмыс 27 млн адамды қамтыды. Оның 17,7 млн-ы Қазақстанда, 9,3 млн-ы шетелде тұрады. Қазақстан туралы Travelstan бейнебаяны PATA Gold Awards сыйлығының «Үздік саяхат ролигі» номинациясына ие болды. Енді 2021 жылы туризм саласындағы "Жол картасын" одан әрі іске асыру мақсатында туристік өнімнің сапасын арттыру, экология жəне жастар туризмін дамыту, желілік білім беру, халықаралық іс-шаралар тарту және ақпараттық турлар өткізу бойынша жұмысты жалғастырамыз,-деді Дастан Рыспеков.

Ақтоты Райымқұлова жыл қорытындысын тыңдап, өзара қолдау мен сындарлы диалог пандемиядан кейін саланы қалпына келтіруге және одан әрі дамыту тәсілдерін пысықтауға жол ашқанына атап өтті.

Биыл дағдарысқа қарамастан, ішкі туризмді дамыту бойынша заңнамалық бастамалар мен жобалар тұрғысынан көптеген жұмыс атқарылды. Ал Kazakh tourism Ұлттық компаниясы көптеген кедергіге қарамастан биыл алға қойған мақсаттарды сəтті жүзеге асырды. Осы орайда жылдың аяғында атқарылған жұмысты бір түйіндеп, Сіздерге алғыс айтамын,-деді министр.

Сала өкілдері де сындарлы кезеңде қолдау көрсеткені үшін мекеме басшылығына алғыс білдірді.

Өзгелердің жаңалығы