«Ағайындылар» фильмі Германияда көрсетіледі

5 Қыркүйек 2022, 12:47
1642
Бөлісу:
«Ағайындылар» фильмі Германияда көрсетіледі

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген Дархан Төлегеновтың «Ағайындылар» атты дебюттік толық метражды фильмі биыл 14-18 қыркүйек аралығында өтетін Oldenburg International Film Festival (Германия) беделді кинофестивалінің бағдарламасында көрсетіледі. Бұл туралы Киноиндустрияның жетекші әлемдік басылымы Hollywood Reporter мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олденбургтегі халықаралық тәуелсіз кино фестивалі – әлемдегі жетекші инди фестивальдердің бірі, оны «Еуропалық Санданс» деп те атайды. Бұл кинофорум бүкіл әлемнің тәуелсіз кинематографистерінің шығармашылығын қолдауға бағытталған.

«Олденбургтегі фестивальде ресми конкурстық бағдарлама жоқ, дегенмен жүлделер мен премьералар бар. Мұнда бастысы – бәсекелестік емес. Бір күні бізбен бірге болғаннан кейін, адамдар бізге қайта-қайта келгісі келеді», – дейді фестиваль директоры Торстен Нойман.

«Ағайындылар» фильмі балалар үйі түлегінің өмірі туралы баяндайды. Ақжол қылмыстық әлемге тартылып, інісінің бар екенін білмейді. Кездескеннен соң, ағайындылар отбасын табуға үміттеніп, әкесін іздей бастайды…

«Ағайындылар» фильмі Германияда көрсетіледі

Режиссер Дархан Төлегенов екі ағайындының тағдыры бір-бірімен тамаша ұштасатын фильмді түсіру идеясы шынайы өмірден туындағанын айтады.

«Менің де інім бар. Жай ғана осы тақырыпта ойланып, толғандым: егер бір-бірінің бар екенін білмеген ағайындар кездесіп, ортақ болашаққа үміт артса ше? Міне, осы тақырыпта фильм түсіргім келді», – дейді режиссер.

Басты рөлдерде – Әлішер Исмаилов, Айбар Салы және Азат Жұмаділ. Картинаны кәсіби мамандар тобы түсірді – сценарист Ален Рахметалиев, продюсер Максим Акбаров, қоюшы оператор Шерхан Таңсықбаев, қоюшы суретші Бағдат Қожахметов. Фильмге музыканы композитор Абай Абаев жазған.

«Ағайындылар» фильмі Германияда көрсетіледі

Картинаның креативті продюсері өткен жылы қайтыс болған Фархат Әбдірайымов болды. Фильмді келер жылдың басында отандық прокатқа шығару жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы