Ағайынды Ишановтардың топырағы туған жерге жеткізілді

9 Наурыз 2022, 16:21
2458
Бөлісу:
Ағайынды Ишановтардың топырағы туған жерге жеткізілді
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Ишанов Әбіл мен Ишанов Әшеннің жерленген жерінің топырағын туған өлкесіне табыстау» рәсімі өтті. Іс-шараны «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған ағайынды жауынгерлердің бірінің денесі Ресей жерінде, бірінің денесі Венгриядағы бауырластар зиратында жерленген. Бір жылдан астам уақыт іздеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған жауынгерлер жерленген бауырластар зиратына туған жерінен топырақ жеткізілді. Одан кейін Әбіл мен Әшеннің артында қалған бауырларының өтінішімен жауынгерлер жерленген орыннан туған жеріне бір уыс топырақ алдырдық, – дейді «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Әлия Сағымбаева.

Ағайынды Ишановтардың топырағы туған жерге жеткізілді

Шараға ардагерлер ұйымдарының өкілдері, генерал-майор Марат Нагуманов, БАҚ өкілдері және Әбіл мен Әбеннің туыс-туғандары қатысты.

Бұл шараның ерекше мәні мен терең құндылығы бар. Бұған дейін де екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлердің мүрдесі, жерленген жерінен топырақ әкеліп, туған жеріне, әулет қорымына қосу шаралары өткізіліп келген. Бұл игі іс – батыр бабаларымыздың әруақтарына тағзым етіп, құрмет көрсетіп, еске алу. Сонымен қатар еліміздің тарихы мен мәдени құндылықтарын, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқандар жауынгерлерді еске алу, жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімді ояту, өзінің ұлттық тамыры шыққан елді сүюге және құрметтеуге үйрету, – дейді Марат Нагуманов.

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінен жауынгерлердің топырағын алып кетуге келген ұрпақтары олардың жерленген жерін қалай тапқандарын айтты.

Ағайынды Ишановтардың топырағы туған жерге жеткізілді

Әшеннің де, Әбілдің де артында ұрпақ қалмаған. Себебі үйленбей тұрып әскерге алынып кеткен екен. Бір атадан төрт ағайынды болды. Әшен мен Әбіл соғыста қайтыс болды. Әріп пен Тәленнің ұрпақтары бармыз. Әкем Махамбет Ишанов үнемі айтып отыратын соғыста қаза болған ағалары жайлы. Бір жолы соғысқа қатысқандар туралы «Боздақтар» деген энциколпедиялық анықтамалықты алып келді үйге. Соның ішінен аталарымыздың қашан қай жерде қайтыс болғанын таптық. Одан кейін «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігімен байланысып, бір жылдың ішінде аталарымыз жерлленген жерден топырақ алдырдық. Енді бұл топырақтарды Жетісайдағы ата-бабаларымыз жатқан бейітке жерлейміз, – дейді соғыста қаза болған жауынгерлердің немере туысы Мәдина Махамбетқызы.

Ағайынды Ишановтар Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан. Әшен 1902 жылы қазіргі Түркістан облысы Жетісай ауданында дүниеге келген. 1942 жылы соғысқа шақырылып, 1945 жылы Венгрияда қайтыс болған. Сүйегі Венгрияның Хатван қаласындағы бауырластар зиратында. 

Ағайынды Ишановтардың топырағы туған жерге жеткізілді

Ал Ишанов Әбіл 1910 жылы қазіргі Түркістан облысы Жетісай ауданында дүниеге келген. 1942 жылы Сталинград үшін болған шайқаста көз жұмған. Сүйегі РФ Сталинград облысы Орлов ауылындағы бауырластар зиратында. Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған жауынгерлердің жерленген жерінен әкелінген топырақ жауынгерлердің туыстарына табысталды.

Өзгелердің жаңалығы