Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Экология министрлігі қазақстандықтар ағаш кесу мен өрт туралы хабарлай алатын мобильдік қосымшаны іске қосуда. Бұл туралы ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.
Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздегі орман қорының жағдайы туралы жедел ақпарат беретін арнайы сайт пен қазақстандықтар табиғи орман өрті немесе заңсыз ағаш кесу туралы хабарлай алатын мобильдік қосымшаны іске қосуға әзірленуде.
«Құрметті достар! Биоалуантүрлілікті сақтау проблемасы күн санап дендеп барады. Ағаш кесу, орман өрті экологияға ауыр зардап келтіруде. Мұндай фактілерді дер кезінде байқап, уақтылы күресе білудің маңызы зор. Осыған байланысты министрлік арнайы сайт пен оның мобильдік қосымшасын іске қосуға дайындалуда. Онда орман қоры, өрт, ағаш кесу оқиғалары туралы жедел ақпарат жарияланып отырады. Азаматтар айтылған фактілер туралы ақпаратты қосымша арқылы жолдай алады», - деп жазды министр жұма күні Twitter-дегі өз парақшасында.
Оның айтуынша, жоба қазіргі уақытта тестілік режімде жұмыс істеуде. Осыған орай, министрлік пайдаланушылардан оның жұмысы жөніндегі ұсыныстарды күтеді.
«Жоба тестілеуден өткізілуде. Оның қызметін жетілдіру мақсатында сіздерден ұсыныстар пен кеңестер қабылдауға əзірміз», - деп атап өткен министрлік басшысы.