Африка Одағының астанасында Наурыз мейрамы тойланды

21 Наурыз 2024, 21:11
619
Бөлісу:
Африка Одағының астанасында Наурыз мейрамы тойланды
Фото: gov.kz

Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінде Наурыз мейрамы салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мерекеге Эфиопия Сыртқы істер министрлігі, Эфиопия Парламентінің Федерация палатасы, Эфиопия Парламентінің Халық өкілдері палатасының өкілдері, шет мемлекеттердің елшілері, «Қазақстан достары» клубының мүшелері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараны аша отырып, Қазақстанның Эфиопия мен Кениядағы (қоса атқарушы) Елшісі, Қазақстанның Африка одағындағы Тұрақты өкілі, БҰҰ-ның Найробидегі өкілдігі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов барлық қатысушыларды құттықтап, Наурыз мейрамын Қазақстанда атап өтудің жаңа форматы туралы айтып берді.

Қазақстанда Наурыз дәстүрлі Жаңа жыл ретінде атап өтіледі. Осы жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы бойынша Наурыз мейрамы 10 күн – 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі. Онкүндік «Наурызнама» деп аталады. Әр күннің жеке атауы мен мағынасы бар, ол Наурыз мейрамының мазмұнына сай келеді, – деп атап өтті Елші.

Елшінің айтуынша, 21 наурыз жыл сайын әлемде Халықаралық Наурыз күні ретінде атап өтіледі. Бұл көктемнің басталуын, табиғаттың жаңаруын белгілеп, әлемнің көптеген аймақтарында, соның ішінде Балқан, Кавказ, Орта Азия, Таяу Шығыс, Иран, Пәкістан, Үндістан мен т.б. елдерде атап өтілетін көне мереке. Наурыз бейбітшілік, отбасы, татулық және тату көршілік құндылықтарын насихаттайды, халықтар арасындағы мәдени алуан түрлілік пен достықты насихаттайды.

Қазақстандық дипломат биыл мұсылмандардың қасиетті Рамазан айы мен христиандық Худаде Цоме ораза Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Ол қонақтарға Наурыз мейрамының жалпыға бiрдей мәдени маңыздылығы мен соның нәтижесінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілгеніне назар аударды.

Іс-шара барысында қонақтар «Сарыарқа», «Адай», «Көңілашар», «Дайрабайдың күйі», «Балбырауын» атты қазақ күйлерін тыңдап, қазақтың дәстүрлі киімдерімен танысып, «Наурыз көже», «бесбармақ», «қуырдақ», «бауырсақ» сияқты дәстүрлі тағамдардан дәм татты. Сонымен қатар, қонақтарға Қазақстандағы Наурыз мерекесі туралы фильм көрсетілді.

Жалпы, шараға қатысушылар Наурыз мейрамы алып жүретін құндылықтардың әмбебап сипатын атап өтіп, бір-бірін көктем, бейбітшілік, келісім және жаңару мерекесімен құттықтады. Олар қазақ халқына бірлік, бейбітшілік, мейірімділік және бақ-береке тіледі.

Өзгелердің жаңалығы