Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
«Сыртқы саясат мәселесіне келер болсақ, Қазақстан көпжақты ынтымақтастыққа бейіл. Сондай-ақ қазіргі халықаралық құқықтың негізі ретінде БҰҰ Жарғысының сақталуын табанды түрде жақтайды. Сыртқы саясатта біз ұлттық мүддені басты орынға қоямыз. Барлық даулы мәселені тиімді мәміле негізінде шешуді қолдаймыз.
Биыл Қазақстанда халықаралық шаралар көп өтеді. Келесі аптада Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті болады. Мұны кейінгі бірнеше жыл ішіндегі жоғары деңгейде өтетін аса маңызды халықаралық форумдардың бірі десек, артық айтқандық емес. Саммитке дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ ықпалды халықаралық ұйымдардың жетекшілері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы қатысады. Мұндай ауқымды шараның өткізілуі еліміздің жаһандық аренадағы беделінің зор екенін көрсетеді.
Еліміз биыл ШЫҰ-дан басқа тағы бес халықаралық құрылымға төрағалық етіп отыр. Бұл – қазақ дипломатиясының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік, - деді Президент.
Мемлкет басшысы тұрақты энергия көздеріне де тоқталып өтті.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек.
Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды», - деді ол.