АЭС бойынша референдум: Үкімет қаулысының жобасы Президент қарауына ұсынылды

27 Тамыз 2024, 10:57
891
Бөлісу:
АЭС бойынша референдум: Үкімет қаулысының жобасы Президент қарауына ұсынылды
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, атом электр станциясының құрылысы шығатын қуаттарды ауыстыру және Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім саналады. Қазір АЭС-ке балама жоқ. Атом энергетикасын дамыту үшін бізде барлық қажет жағдай бар екенін атап өткен жөн. Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында және іс жүзінде толық ядролық-отын цикліне ие, - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Оның сөзінше, атом энергетикасын дамыту үшін елімізде бүкіл қажетті жағдайлар бар.

Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында және іс жүзінде толық ядролық-отын цикліне ие. Қазір біз халықаралық серіктестермен (АҚШ, Қытай, Франция және Ресей) бірлесіп, уранды конверсиялау және байыту кезеңдерін дамыту бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді ведомство басшысы.

Ол АЭС салу энергетикалық тәуелсіздігімізді нығайтатынын атап өтті.

2060 жылға дейін қабылданған көміртекті бейтараптық стратегиясын іске асыру жолындағы негізгі қадам бола отырып, ел экономикасы үшін елеулі мультипликативтік әсер етеді. Қазақстанда АЭС салудың орындылығы туралы референдум – бұл жобаны іске асырудағы маңызды кезең болып табылады. Осы оқиға халқымызға өз пікірін білдіруге және энергетика саласын дамытудың келешектегі бағытын айқындауға мүмкіндік береді, – деді Сәтқалиев.

Үкімет отырысы барысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС салу мәселесін Президент қарауына енгізу керегін айтты.

Құрметті Олжас Абайұлы, жоғары айтылғандарды ескеріп, Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдумға бастамашылық жасау және республикалық референдумды өткізу туралы Қазақстан президентінің Жарлығы жобасын Қазақстан президентінің қарауына енгізу туралы үкімет Қаулысының жобасын қарауға шығаруды ұсынамын, – деді Энергетика министрі.

Еске сала кетейік, АЭС салуда Беларусь тәжірибесінің өткені мен бүгіні туралы осыған дейін жазғанбыз. АЭС-тің қалай жұмыс істейтіні және несімен тиімді екені де айтылды. Әлемнің тек 5 елінде АЭС энергиясының үлесі жалпы өндірісте 40 пайыздан асып отыр.

Үкімет отырысында сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елімізде инфляция деңгейі төмендейтінін айтты. Мұнай бағасына қатысты да болжам жасалды. 

Өзгелердің жаңалығы