Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Адвокаттар кәсіби қызметін сақтандырады деді Әділет министрі Марат Бекетаев халық алдындағы есептік кездесуінде.
2019 жылы жүз елу мыңнан астам азамат мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін алды.Бұл көмекті адвокаттар бюджет қаражаты есебінен көрсетеді. Ақшаны жұмсаудың, сонымен қатар, адвокаттарды тағайындау рәсімінің ашықтығы мен тиімділігі мақсатында қазіргі уақытта мемлекет кепілдік берген заң көмегін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, - деді министр.
Министр атағандай, "Е-заң көмегі" ақпараттық жүйесін енгізуге байланысты адвокаттарды тағайындау автоматты түрде таңдау жолымен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, азаматтарға осы жүйе арқылы онлайн кеңес алуға мүмкіндік береді.
Бекетаев биылғы 1 қаңтардан бастап адвокаттар мен заң консультанттарына өзінің кәсіби қызметін сақтандыру міндеті жүктелгенін айтты.2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қиын әлеуметтік және қаржылық жағдайдағы азаматтар үшін тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алу қарастырылған. Мұндай көмекті адвокаттар мен заң консультанттары клиент жүгінген сәттен бастап оның мәселесі толық шешілгенге дейін өтеусіз негізде көрсетеді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл қызмет халық арасында айтарлықтай сұранысқа ие болды. Бүгінгі күні екі мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілді, - деді ол.
Енді азамат адвокаттың немесе заң консультантының сапасыз заң көмегін көрсетуі, оның ішінде, олардың әрекетсіздігі немесе құжаттарды дұрыс ресімдемеуі, іс жүргізу мерзімдерін өткізіп алуы салдарынан оған зиян келтірген жағдайда, сақтандыру өтеміне үміткер болуға құқылы. Заң көмегін көрсету шартын жасасу кезінде сіз адвокат пен заң консультантынан кәсіби жауапкершілікті сақтандыру туралы шарттың көшірмесін беруді талап етуге құқылысыз, - деді ол.