Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы отбасы және жастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Нүркен Аралбеков 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президентіміз Жарлыққа қол қойды. Екі ай ішінде қазақстандықтардың ел болашағының жарқын болуына аянбай еңбек ететін Президентін таңдауға мүмкіндігі бар. Мен де осы елдің азаматы ретінде балаларымның келешегі үшін өз таңдауымды жасаймын. Конституциялық реформаның іске асуының арқасында сайлау науқаны да барлық заң талабын сақтай отырып жүргізілетініне сенемін, - деді Нүркен Аралбеков.
Ол соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырғанын атап өтті. Соның ішінде 1 қыркүйекте Президенттің халыққа Жолдауында айтылған Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынуы да ел арасында қызу қолдау тапқанын айтты.
Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келер жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыру, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетуді жалғастыру да - күн тәртібінен түспейтін мәселе. Қарапайым тұрғын ретінде осы әлеуметтік маңызы зор мәселелер шешімін тапса елдегі саяси жүйені өзгертудің мән-маңызын оң қабылдаймын. Бұл сайлау науқаны ел экономикасын қарқынды дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Демократияның жарқын үлгісі болатын саяси науқан тек оң өзгерістер мен жаңа бастамаларға себеп болады деген ойдамын, - деді Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы отбасы және жастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Нүркен Аралбеков.