Бүгін Түркістан қаласындағы «Жоғары медицина» колледжінің ғимаратында қалалық жастар ресурсы орталығының ұйымдастыруымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының кезекті Жолдауы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбында кездесу болып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған кездесудің басты мақсаты – әділетті мемлекет қалыптастыру , сонымен қатар болашақ жастардың Әділетті Қазақстанның қалыптасуына өз үлестерін қосуға мүмкіндіктері жоғары екендігін, Тәуелсіз мемлекетіміздің келешектегі тізгіні жастардың өз қолында екендігін түсіндіру.
Түркістан қалалық жастар ресурсы орталығының инспекторы Ердәулет Үсіпбектің айтуынша, қазіргі жастардың әрқайсысы өз мамандығының әділ әрі шыншыл иегері болса еліміздің көркейіп, жаңаруына ешқандай да кедергі жоқтығын атап өтті.
Бүгінгі кездесуде студенттерге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын кеңінен талқылап, түсіндіруге тырыстық. Ондағы жастарға арнап 2023 жылдан бастап енгізілетін бағдарламалар, екі жарым пайызбен берілетін несиелер мен кәсіпкерлерге жасалатын көмек туралы айттық. Одан бөлек, алда келе жатқан 25 қазан Республика күні мен Түркістан қаласының күніне орай қала әкімімен бекітілген іс-шаралардың жоспарымен таныстыра кеттік. Осы жиында біз студент жастарға өздерінің қандай таланты бар, мерекелік күндерде сахнаған шығып ән айтып, өнер көрсетулеріне және мобилографиядан бақ сынауларына болатынын құлаққағыс еттік. Сондай-ақ, оларға қандай таланты бар, қандай кәсіпке бейімі барын да сұрастырдық, - деді Ердәулет Үсіпбек.
Кездесуге жиылған студенттер мемлекет басшысының Жолдауынан көптеген пайдалы нәрселер түйіп шықты. Жиын соңындағы сұрақ-жауап бөлімінен кейін, студенттер орталықтың мамандарымен қажетті кеңестер алу үшін байланыс номерлерімен алмасты.