Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездескен болатын. Осы кездесуде болған түркістандық ақын, аудармашы Гүлнәр Өмірбек ойға түйгендерімен бөлісті, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Президентіміздің іссапарынан ой түйгенім, дәл қазір бізге ауызбіршілік қажет. Президенттің мемлекетті түбегейлі өзгертуге бел буғанын, осы бағытта солқылдақтыққа жол бермейтініне көзім жетті. Әділетті Қазақстан құруда әр қадамын терең пайымдап, парасатты шешімдер қабылдай отырып, іске асыруда табандылық таныта алатынына, жел сөздерге мән бермей, көзқарасынан танбайтынын ұғындым. Өйткені, елге сапарын Түркістаннан бастағаны да көп нәрсені аңғартады. Өз сөзінде ұлы тұлғалар мәңгілік мекен еткен жердің қасиетін атап өтіп, сонау заманнан түркілердің түп ұясы болған Түркістанның тарихи мән-мағынасына да тоқталды. Ұлттың алтын бесігі, ынтымақ пен берекенің ордасы оңтүстіктің ел бірлігінің ұстыны деп танимын деді. Бұл сөзі, әрине, түркістандықтарға үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді ақын Гүлнәр Өмірбек.
Ақынның айтуынша, әр қазақ айналадағы аласапыран кезеңде Президенттің қандай да болмасын күрделі сұрақтардың шешімін тауып, жігін жатыстырып жүргенін жүректен өткізіп пайымдағаны дұрыс деп санайды.
Әрине, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман бір жылдың ішінде орнай салмайды. Қазір қылыш ұстап жауға шауып, қырып салатын, бірден темірдей тәртіп орната салатын заман емес. Мұны көршілес елдердегі шиеленіскен жағдайлардан да көріп отырмыз. Президент кездесуде тап қазір елге бірлік пен сабыр керек деді. Өте дұрыс. Мұны тек мен емес, елім деген әрбір азамат тереңінен түсініп отыр деп ойлаймын. Президенттін әр қадамы көз алдымызда. Талапты алдымен өзімізге қоюымыз керек. Өйткені, Президент пәрмен береді, ал оны орындаушы халық. Сондықтан кемшін тұстарын бетке басып диванда айқайлай бермей, әркім өз ісіне адал болса, бәрі орнына келеді деп ойлаймын, –дейді қоғам зиялысы.
Президент түркістандықтармен кездесуде сайлау туралы да айтып өтіп, бірге атқаруға шақырды. Ақын өз сөзінде Президенттің Түркістанға айрықша статус беру туралы пікірі мен әлеуметтік даму, қоғамдағы шешімді тез талап ететін тұстарға тоқталғанына, мемлекет тарапынан қолдау жалғаса беретініне сенім білдірді.
Мұның бәрін мен жалған сөз деп ойламаймын. Бәрі уақыт еншісінде. Әрине, әркімнің өз ойы, алуан пікірі бар. Бірақ дана бабаларымыз айтқандай, бірліксіз тірлік жоқ. Мұны алдағы күндер көрсете жатар, дұрыс таңдау жасалынар, тек азаматтар тарапынан немқұрайдылық болмаса екен, – деді ақын Гүлнәр Өмірбек.