"Әділет" партиясының 186 кандидаты заң талаптарына сай деп танылды

Құрылтай депутаты болуға үміткер Конституция талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы болуы, ел аумағында соңғы он жыл тұрақты тұруы және кемінде 25 жасқа толуы қажет.

21 Шілде 2026, 11:20
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Аида Батухан 21 Шілде 2026, 11:20
21 Шілде 2026, 11:20
238
Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Орталық сайлау комиссиясының отырысында "Әділет" партиясының Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына ұсынған партиялық тізімі қаралды. Бұл туралы ОСК отырысында комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, партия 2026 жылғы 13 шілдеде Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу үшін заңда көзделген барлық қажетті құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына тапсырған.

Партия Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаттың көшірмесін, партиялық тізімді ұсыну жөніндегі съезд хаттамасының үзіндісін, кандидаттардың өмірбаяндарын, партия мүшелігін растайтын құжаттарды, сондай-ақ кандидаттар мен олардың жұбайларының активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырғанын растайтын мемлекеттік кірістер органдарының анықтамаларын ұсынды, – деді Мұхтар Ерман.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

ОСК мәліметінше, Құрылтай депутаты болуға үміткер Конституция талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы болуы, ел аумағында соңғы он жыл тұрақты тұруы және кемінде 25 жасқа толуы қажет.

Сонымен қатар, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес партиялық тізімдегі әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс.

"Әділет" партиясы Құрылтай депутаттығына 186 кандидатты ұсынған. Оның ішінде 88 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жатады. Бұл жалпы тізімнің 47,3% құрайды. Осылайша заңда белгіленген квота толық сақталған, - деді комиссия мүшесі.

Мұхтар Ерманның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының сұрауы негізінде уәкілетті мемлекеттік органдар барлық кандидаттардың Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексерген.

Сондай-ақ, партия партиялық тізімге енгізілген барлық кандидаттар үшін заңда белгіленген сайлау жарнасын толық төлеген.

ОСК отырысының қорытындысы бойынша комиссия мүшелері "Әділет" партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулыны қабылдады. Осылайша партия 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауына ресми түрде қатысады.

Наверх