Әділет министрлігі: Конституция жобасы Негізгі заңның басымдығы мен халықаралық шарттарды сақтау қағидатын бекітеді

Конституция жобасында Қазақстанның халықаралық шарттық міндеттемелерін орындау қағидаты өзгеріссіз сақталады.

 gov.kz 21 Ақпан 2026, 14:30
21 Ақпан 2026, 14:30
918
Фото: gov.kz

Әділет министрі Ерлан Сарсембаев елдің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша өтетін референдумды талқылауға арналған сараптамалық алаңда сөз сөйлеп, пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ол жаңа Конституция жобасы бойынша жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілгенін атап өтті: алдымен бірнеше парламенттік топтың отырысы өткен, одан кейін 12 рет Конституциялық комиссияның мәжілісі ұйымдастырылған. Соның қорытындысы бойынша 12 ақпанда дайындалған жоба бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Министрдің айтуынша, жобада ұлттық заңнама мен халықаралық міндеттемелердің арақатынасы бірқатар баптардың негізгі ережелері арқылы айқындалған. Атап айтқанда, ол Конституцияның 1-бабында Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде бекітілгеніне, ал 5-бапта қолданыстағы құқықтың құрамына Конституция нормалары, оған сәйкес келетін заңдар, Конституциялық Сот пен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары, өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ халықаралық шарттық міндеттемелер кіретіні көрсетілгеніне назар аударды. Сонымен қатар ол Конституцияның ең жоғары заңдық күшке ие екенін және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылатынын ерекше атап өтті.

Үшінші тармақта Қазақстан аумағында халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі заңмен айқындалатыны айтылған. Осы ойды жалғастыра отырып, 10-бапқа да тоқталғым келеді. Онда Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын құрметтейтіні, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастық саясатын жүргізетіні, олардың ішкі ісіне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаттарын ұстанатыны жазылған, - деді министр.

Сондай-ақ ол жобада халықаралық шарттармен жұмыс істеу тәртібін нақтылайтын нормалар қарастырылғанын айтты. Оның сөзінше, 60-баптың 3-тармағының 14-тармақшасында жаңадан құрылатын Құрылтайдың құзыретіне халықаралық шарттарды ратификациялау және оларды күшін жою мәселесі жататыны бекітілген. Қорытындылай келе, министр бұл ережелердің жиынтығы бір негізгі қағидатты растайтынын атап өтті: Конституция Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында ең жоғары заңдық күшке ие және бұл ел үшін басты ұстаным болып қала береді.

Министр Конституция жобасында Қазақстанның халықаралық шарттық міндеттемелерін орындау қағидаты өзгеріссіз қалатынын тағы да баса айтты.

Екіншіден, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық міндеттемелеріне келсек, олар біз үшін міндетті және өзгеріссіз болып қала береді. Ал халықаралық шарттардың қолданылу тәртібін айқындау мәселесі Құрылтайдың құзыретіне кіреді. Бұл өз кезегінде жоғары заң шығарушы органның жауапкершілігін арттырады. Яғни халықаралық шарттардың қолданылу тәртібін Құрылтай және оған берілген басқа да актілер белгілейтін болады. Бірақ тағы да қайталап айтамын: біз Қазақстан Республикасы өз мойнына алған барлық шарттық міндеттемелерді бұлжытпай орындауға адал болып қала береміз, - деп түйіндеді ведомство басшысы.

Наверх