Қазақстанда әдебиет, музыка, киноға қатысты жобаларды қолдаумен айналысатын қор құрылып жатыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа адамдар" жастар форумында айтты, деп хабарлады BAQ.KZ.
Дарынды азаматтардың арқасында бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстанды талантты әрі еңбекқор адамдардың елі деп танитын болды. Мемлекет креативті индустрияның дамуына барынша ықпал етеді. Қазір арнайы қор құрылып жатыр. Ол әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындарына қатысты жобаларды жүйелі түрде қолдаумен айналысады, – деді мемлекет басшысы.
Оның пікірінше жастардың қарым-қабілетін көрсетуіне бұл да бір керемет мүмкіндік.
Ең бастысы, адал еңбек етіп, адал табыс табу, яғни адал азамат болу. Биыл – "Жұмысшы мамандықтары жылы". Біз қоғамда еңбек адамының абырой-беделін көтеріп жатырмыз. Еңбек культін қалыптастыру – аса маңызды міндет. Кез келген жұмыс – қадірлі. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарын игерген жастарымыз зор құрметке лайық, – деп толықтырды Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде заман талабына сай білікті мамандар өте көп: мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, инженерлер, өнеркәсіптегі жұмысшылар және басқа да мамандар бар. Қазақстан жастары креативті индустрияда да көптеген табысқа жетіп жатыр.