Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп жазады BAQ.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек екенін айтты.
Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады. Әрине, қоғам тарапынан да құрмет болуы керек. Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс. Өкінішке қарай, қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз. Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті, күш қолдану дұрыс емес. Осындай әрекеттерді доғару керек. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет, - деді ол.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалар туралы айтты.
Әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалар бар. Кейбір адамдар қасақана арандатушылық жасайды. Сондай кезде ұстамдылық танытып, дөрекі әрекеттерге жол бермеу өте маңызды. Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет. Полиция қызметкері заңдарды анық білуге тиіс, яғни еліміздің заңдарын жұртқа қарапайым тілмен түсіндіруге дайын болуы қажет. Сонда ғана полиция мен халық арасында мызғымас келісім болады. Әрине, офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп. Сондай қызметкерлер өзгелерге, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Осындай үздік қызметкерлерді қолдау қажет. Ерлік көрсеткен офицер, сержанттар туралы жұрт білуге тиіс. Бұл – біздің тиісті министрліктің және жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті. Өздеріңізге мәлім, мемлекет ішкі істер органдарының жұмысын әрдайым жоғары бағалайды, - деді Тоқаев.