Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. What’sApp мессенджерінде тараған аудиохабарламада бір әйел республикалық референдумға мүлдем қатысуға болмайтыны туралы айтады.
Автордың сөзінше, референдум қорытындысы бойынша Конституцияға түзетулер қабылданған жағдайда, адамдардың меншігі шенеуніктер мен олигархтарға өтеді, сондай-ақ Қазақстандағы жағдай нашарлай түседі. Бұл жалған.
Бұл ақпарат – бұрын желіде таралған және теріске шығарылған фейк.
Әділет министрлігі референдумға жеке меншіктің күшін жоюды білдіретін Конституцияға бірде-бір түзету енгізілмегені туралы осы жылдың 18 мамырында мәлімдеді.
Конституцияның 6-бабының 3-тармағына ұсынылып отырған түзету жеке меншіктегі жерге, малға және жеке өзі өсірілген екпелерге қатысты қолданылмайды. Түзетуге сәйкес жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін белгілеу ұсынылады, қазіргі уақытта Конституцияда олардың мемлекеттік меншікте екені белгіленген. Бұл ретте мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асыратынын нақтылау ұсынылып отыр. Демек, мемлекет меншік құқығын тек халыққа тиесілі және жеке меншік объектілері болып табылмайтын жерге, оның жер қойнауына, суларына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне және басқа да табиғи ресурстарға қатысты жүзеге асыратын болады. Жерге жеке меншік құқығына кепілдік беретін Конституция нормасы өзгеріссіз қалатынын атап өткен жөн (Конституцияның 6 – бабы 3-тармағының екінші бөлігі), – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Stopfake.kz сайтының мәліметінше, таралған аудиохабарламадағы теорияларға тоқталсақ, бұл – автордың ойдан шығарғаны. Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасында ДДҰ-ның пандемиялық келісімі туралы да, мектептерде ерте жыныстық ағартуды енгізу туралы да айтылмаған.
Естеріңізге сала кетейік, Конституцияға 36 түзету енгізу ұсынылып отыр. Толық тізім баршаға қол жетімді.
Биыл 5 маусымда өтетін республикалық Референдум барысында осы түзетулер қабылдана ма, жоқ па, белгілі болады.