Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Ақмола облысының су тоғандарында 31 адам көз жұмды, оның 7-і кәмелетке толмаған балалар. Күзетілетін су айдындарында 81 адам құтқарылды.
Ақмола облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Тумурзин судағы сақтық шаралары туралы айтып берді.
– Өңірдегі су айдындарының қауіпсіздігін нығайтуға қаншалықты көңіл бөлініп отыр?
– Ақмола облысының аумағында шомылу, демалу және балық аулау үшін пайдаланылатын 561 су қоймасы орналасқан. Шомылу маусымы кезінде құтқарушылар Көкшетау қаласы мен аудандардың ТЖБ қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдармен, волонтерлермен көлдерде бірлескен рейдтер жүргізіп, үгіт материалдарын таратады. Жағажайлардың акваторияларын тексеру, сондай-ақ қоғамдық құтқарушыларды оқыту жұмыстары басталды. Балаларды сауықтыру лагерлерінде алдын алу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Су айдындарында адам өлімінің алдын алу бойынша жол картасы әзірленді. Оны ТЖ министрлігі мен облыс әкімдігі бекітті. Судағы қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін біз рұқсат етілмеген жағажайларды да бақылаймыз. Олар іс жүзінде әрбір ауданда бар, бұл жерлерде шомылуға тыйым салынады. Ескерту белгілерін орнатамыз. Бірақ бұл адамдарды тоқтатар емес. Біз оларға абайсыздықтың салдары қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін екенін ескертеміз.
–Өңірде қандай қауіпті аумақтар бар?
–Жақында Бұланды және Есіл аудандарының су тоғандарында екі адам суға кетті. Облыс аумағында 561 су айдыны бар. Соңғы екі жылда 47 адам ажал құшты. Шомылу маусымы басталысымен облыс аумағында 10 коммуналдық және 59 жеке жағажай ашылады.Азаматтардың қауіпсіздігі үшін Қопа, Зеренді, Щучье және Бурабай көлдерінің акваториялары күзетіледі. Құтқару қызметіндегі техника, жүзу құралдары мен сүңгуір жабдықтары дайын. Ең бастысы, белгіленбеген жерлерде шомылуға болмайды. Мысалы, өткен жылы тіркелген жазатайым оқиғалардың дені жабдықталмаған орындарда және күзетілмеген су айдындарында орын алған. Күзетілетін су айдындарында 81 адам құтқарылды. Сонымен қатар азаматтардың қауіпсіз демалуы үшін су қоймаларының түбін тексеру жұмыстары жүргізіледі. 82 су қоймасы тексерілді, 78-іне оң қорытынды берілді, 115 қоғамдық құтқарушы оқытылды.
– Балаларды жүзуге үйрету бойынша жоба жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса ма?
–Жазатайым оқиғалардың негізгі үлесі балаларға тиесілі. Өкінішке орай, Ақмола облысы бойынша статистика көңіл көншітпейді. Суға батқандардың ең көп саны маусым мен шілде айларында тіркелді. Жазатайым оқиғалардың көпшілігі шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алады. Тағы бір басты себеп – суда жүзу ережелерін білмеу және сақтық шараларын сақтамау, сондай-ақ ата-аналардың да, балалардың да жүзе алмауы.
Облыстың су айдындарында балалар өлімінің алдын алу мақсатында жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жүзу нұсқаушыларымен облыс мектептерінің 628 оқушысын жүзуге үйрету бойынша сабақтар өткізді. Бұл ретте құтқарушылардың негізгі міндеті – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Жобаның мақсаты балаларды жүзуге, суда алғашқы көмек көрсету ережелерін нақты меңгеру және жүзу және шомылу кезінде қалыптасқан төтенше жағдай кезінде өз бетінше шешім қабылдауға үйрету.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударды. Осыған байланысты ТЖД жыл сайын жас құтқарушылар слетін өткізеді. Бұл ретте білім басқармасымен бірлесіп жұмыс істейміз.
–Құтқару қызметіне нағыз мамандар тартылған ба? Біліктілікті арттыруға қандай талаптар қойылады?
– Жедел-құтқару жасағы 8 бөлімшеден тұрады, оның 5-і Көкшетауда, Бурабай, Щучинск және Зерендіде адамдар жаппай демалатын жерде орналасқан. Бұдан басқа, бізде сүңгуірлік-құтқару бөлімшесі бар, онда 5 жоғары білікті сүңгуір, кинологиялық бөлімше және жөндеу бригадасы, екі дәрігер мен психолог жұмыс істейді.
Жедел-құтқару жасағының штат саны – 61. ТЖ департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жеке құрамды барлық қажетті материалдармен және қажетті құрал-жабдықтармен, гидравликалық авариялық-құтқару және жүзу құралдарымен қамтамасыз ету мәселесін алдын ала пысықтап жатырмыз.
Практикалық дағдыларды жетілдіруге және теориялық білімді нығайтуға, ТЖД жаңа ақпараттық технологияларды меңгеруге көп көңіл бөлінеді. ТЖМ тәртіптемесіне сәйкес, қызметкеріміз Қарағанды облысының Приозерск қаласында сүңгуірлік іс бойынша біліктілікті арттыру семинарына қатысады. Олар үшін шеберлік-сағаттары ұйымдастырылады.
–Құтқарушы-кинологтардың қызметіне тоқталсаңыз...
–Бізде төрт қызметтік ит бар. Комиссия жануарлардың қабілеттерін командаларды орындау, техногендік жағдайларда жұмыс істеу, жоғалған адамдарды іздеу және үйінділердің астынан адамдарды табу тұрғысынан бағалайды және аттестаттайды. Біздің төрт аяқты көмекшілеріміз іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде жақсы нәтижелер көрсетуде. Мысалы, неміс овчаркасы Арлан Целиноград ауданында бір адамды табуға көмектесті. Адамдарды иттердің құтқарып, зардап шеккендерді қардың астынан тапқан оқиғалар кездеседі. Төрт аяқты көмекшілеріміз альпинизм, үйінді астында жұмыс істеу, су акваторияларында гидравликалық авариялық-құтқару техникасымен және жабдықтарымен, катерлерде құтқару, жазатайым оқиғалар кезінде алғашқы көмек көрсету бойынша Талдықорғанда өтетін жыл сайынғы республикалық «Қазқұтқару» жарысына қатысады. Сондай-ақ, психолог маманы Төтенше жағдайлар министрлігінің базасында жедел-құтқару жасақтары қызметкерлеріне психологиялық көмек көрсету бойынша біліктілігін арттырды. Біз жоғары көпсалалы азаматтық қорғау колледжімен тығыз байланыстамыз. Онда республиканың түкпір-түкпірінен балалар оқиды. Бүгінгі таңда жедел-құтқару жасағында 15 студент тағылымдамадан өтуде. Олар сүңгуірлік іс бойынша дағдыларын бекітеді, кинологтардың жұмысымен танысады.
– Судағы қауіпсіздік ережелері туралы нені білу керек?
– Тұрғындардан су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Гипотермияны болдырмау үшін шомылу кезінде температуралық режимді сақтау, балаларға ересектердің қарауынсыз суға кіруіне жол бермеу қажет. Қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан секіруге болмайды. Жүзуге арналмаған заттармен, тексерілмеген және шомылуға жабдықталмаған жерлерде суға түспеу керек. Техникалық және ескерту белгілеріне шығуға, мас күйінде шомылуға болмайды. Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін су айдындарындағы барлық қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Біз кең ауқымды алдын алу іс-шараларын тұрақты негізде өткіземіз, жағажайларда және су айдындарында үгіт материалдарын, жадынамалар таратамыз, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырамыз. Соған қарамастан адамдар өз қауіпсіздігіне қойылатын қарапайым талаптарды елемейді, түнгі уақытта мас күйінде шомылады, балаларды қараусыз қалдырады.
Біз тек су айдындарында ғана емес, биік ғимараттардан адамдарды эвакуациялау кезінде авариялық-құтқару іс-қимылдарын және төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетудің басқа да түрлерін жүргіземіз.
–Құтқарушы-сүңгуірдің бойында қандай қасиет болу керек?
–Сүңгуір жұмысы ауыр, әрі қауіпті. Құтқарушы мамандығы батылдық, ептілік, шыдамдылық, мықты ерік-жігерді талап етеді. Біздің сүңгуірлер күн сайын өз өмірлерін қатерге тіге отырып, адамдарға көмекке келеді.