Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы продюсер, мәдениет, өнер қайраткері, Англия патшайымының алтын орден иегері Қыдырәлі Болман мәлім етті.
Ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырудағы дәстүрлі құндылықтардың маңызы» тақырыбында өткен кездесуде қоғам арасындағы өзекті мәселелерді қозғады.
Барлық дүние мәдениетімізге тығыз байланысты. Сол себепті кейбір елдің басшылары мәдениет министрін оң жағына отырғызады. Өйткені ол үлкен жауапкершілік. Сол секілді қоғамның тағдыры, ұлттың саулығы да мәдениеттің негізі болып табылды, - дейді өнер қайраткері.Қыдырәлі Болманның мәлімдеуінше, адамдардың жемқорлыққа әуес болуы тал бесік тәрбиесінде жатыр.
Ұлттың фундаменті ол - ұрпақ тәрбиесі. Жалпы адам өмірінде кішкентай кезінен өтірік айтпаса, мейірім мен әділдік құндылықтарын ұстанып тәрбиеленетін болса, мұның бәрі баланың түпсанасына жақсылап сіңсе, үлкейгенде қай салаға барса да мықты маман атанады. Өйткені ол толыққанды тәрбие алған адам, - дейді Қыдырәлі Болман.Оның айтуынша, коррупция - бүкіл мемлекеттің түбіне жетеді. Елімізде таралған сыбайластықтың бастауы 90-жылдардағы сұрқия саясатта жатыр.
Жемқорлық – бұл қоғамның дерті. Оның себебі Кеңес кезіндегі 70 жыл бойы жүзеге асырған «Құдайсыздық» саясатының жемісі. Бұл жүйе ыдырағаннан кейін көптеген құндылық ауыса бастады. Сол кезеңде бір ұрпақ қаралмай кетті. Ана тілінің уызына қанбай қалды. Мұның салдарынан қоғамымыз ауруға шалдықты. Бұл дертті жапатармағай емдеуміз керек, - деді ол.Сонымен қатар Қыдырәлі Болман жемқорлардың көбейгендігінен қорқу керектігін сөз етті.
Сыбайлас жемқорлық ол - қып-қызыл ұрлық. Адамдар бір-бірінен ұрлай беретін жағдайға келуі қорқынышты нәрсе. Біз ондай деңгейге жететін жануар емеспіз. Тек жануарлар ғана алдына келгенде жайпайды. Бұл үдеріске жалпы адам ретінде қорқынышпен қарау керек, - деп толықтырды сөзін продюсер.