Қытайдың Ханчжоу қаласында алғаш рет роботтар муай-тай стилінде рингке шығып, жекпе-жек өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшылардың айтуынша, бұл болашақтағы киберспорттың жаңа форматы болуы мүмкін.
Unitree Fist King: Awakening турнирі
Жекпе-жектер арнайы "Unitree Fist King: Awakening" атты турнир аясында өтті. Роботтарды командалар қашықтан басқарады. Олардың қозғалысына дауыстық нұсқаулар арқылы бағыт беріледі. Хук, тізе соққысы сияқты күрделі әдістерді орындаған роботтар LiDAR сенсорларымен және камераларымен жабдықталған. Егер робот 8 секунд ішінде орнынан тұрмаса, жеңілген болып есептеледі. Ал маңыздысы қозғалыс, тепе-теңдік пен реакция жылдамдығы есептеледі.
Турнирде пайдаланылған Unitree G1 моделі алғаш рет 2024 жылы таныстырылған. Оның негізгі сипаттамалары:
- салмағы: 35–47 кг;
- биіктігі: 127 см;
- қозғалу жылдамдығы: 2 м/с дейін.
Unitree G1 бұған дейін адаммен жаттығу форматындағы жекпе-жектерде сыналған. Қазіргі үлгілер әлі де баяу қозғалып, реакция уақыты шектеулі болған. Дегенмен, инженерлер болашақ турларда қозғалыс жылдамдығын арттыру, реакция сапасын жақсарту, көрермен үшін қызықты шоу ұсыну сияқты бағытта жұмыстарды жалғастырады.
Келесі тур желтоқсан айына жоспарланған. Ұйымдастырушылар оны көрермен үшін тартымды әрі динамикалық форматта өткізуді көздеп отыр.