ІІМ вице-министрі Санжар Әділов UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың жұбайының қатысы бар делінген жол-көлік оқиғасы бойынша іс туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бап 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр (Көлік құралын жүргізген адамның жол жүру ережелерін немесе көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзуы, салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу).
Қазір тергеудің негізгі әрекеттерінің бәрі аяқталды. Соңғы кешенді автотехникалық сараптаманың нәтижесін күтіп отырмыз. Қорытынды қолымызға түскеннен кейін айып тағу және істі сотқа жіберу туралы шешім қабылдаймыз, – деді вице-министр.
Белгілі болғандай, мұндай сараптаманы жүргізуге әдетте шамамен бір ай қажет. Осыған орай журналистер: "Іс жыл соңына дейін сотқа жіберілуі мүмкін бе?" деп сұрады.
Иә, тергеуді аяқтаймыз, – деп қысқа қайырды Санжар Әділов.
Еске салайық, адам өлімімен аяқталған жол апаты 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы – Екатеринбург трассасында болған. Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 көлігі Қарағанды облысынан Алматы бағытына келе жатқан. Жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Апат салдарынан екі адам оқиға орнында қаза тапты. Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа қарағанда, көлікті UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың жұбайы жүргізген. Сондай-ақ Гүлайым Рахмонова мен оның ұлы Шу қаласындағы ауруханаға жеткізілгені хабарланған. ЖКО бойынша сотқа дейінгi тергеу басталды.