Адам мүмкіндігінде шек болмайды

14 Ақпан 2025, 16:27
366
Бөлісу:
Адам мүмкіндігінде шек болмайды
PHOTO

Өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп жүрген "Асар" спорттық-оңалту орталығының смм-менеджері Азамат Оспановтың ерлігі көпке үлгі. Осы ретте біз IT саласын жетік меңгерген маманмен дидарласқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азамат мырза, әркімге әртүрлі тағдыр беріледі. Бұл сынақтан сынбай, жігер танытқаныңыз қайран қалдырады...Қиындықты қалай еңсердіңіз?

Әрине, өмірде бетпе-бет келген қиындықтардан аыр ештеңе жоқ секілді. Бірақ адам болғаннан кейін бәрін еңсеруге тура келеді. Адам баласы әр кезеңнен өтеді, мектеп қабырғасынан түлеп ұшады, жоғарғы оқу орнына қабылданады, мансап құрады, одан кейін отбасын құрады дегендей, барлық кезеңнен өтесіз. Бірте-бірте қоғамға бейімделе бастайсыз. Бірақ күтпеген жерден жатқан жолың ортасынан үзіліп кеткендей болады. Сол сәтте пенде баласы не істерін білмей, психологиялық күйзеліске ұшырайды. Шын мәнінде, маған өте қиын болды. Мен ол кезде Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің 2-ші курсында оқып жүрген болатынмын. Сөйтіп, өкінішті өмірдің өткінші сынақтарына кез болдым. Өмірім "бұрын" және "кейін" болып қақ айырылды. Сол оқиғадан кейін түнекке түсіп кеткендей олдым. Оның үстіне, алғашқы ота сәтсіз аяқталды. Отаның сәтсіздігінен тіпті тұрмастай ауыр соққы алдым. Дәрігерлер таңға дейін аман қалмайтынымды жеткізеді. Мен ол кезде ес-түссіз коммада жатқан екенмін. Қайтадан ота жасау керектігін айтты. Екінші отадан кейін аман қалады, бірақ арбаға отыратынымды жеткізді. Кейін дәрігерлер емделгенде маған көмек көрсетуден бас тартты. Себебі, бәрі бекер болады деген пікірге ұйыды. Сондықтан жалғыз жол – арбаға танылу болды. Міне осылайша, жалғыздан жалғыз, өз-өзіммен қалдым. Бұл 2006 жылдар болатын. Ол тұста ғаламтор жоқ, технология саласы әлі дамымай тұрған кез. Сондай мезеттерде бірдеңе іздеп, қараудың өзі қиынға соғатын. Ең бастысы ата-анам қасымда болды.

Адам мүмкіндігінде шек болмайды

Бұл тығырықтан шығуға ата-ананың рөлі қашанда жоғары екеніне дау жоқ...

Иә, ата-анам әрдайым жанымда болып, маған барынша көмек қолын созды. Мен ақырындап үйде жаттыға бастадым, қаладағы оңалту орталықтарына барып тұрдым. Одан кейін екінші отаны жасады, сосын барып жағдайым сәл де болсын жақсарды. Бірақ үш айдан кейін дәрігерлер тағы да емдеуден бас тартты. Өйткені, алған жарақатым өте ескі әрі қауіпті болған еді. Осылайша Талдықорғандағы "Асар" спорттық-оңалту орталығына келуге шешім қабылдадым. Бұл 2019 жылы болатын. Әкем екеуіміз басында бір ай осында тұрамыз деп жоспарлап келгенбіз. Қала ұнап жатса, қаламыз деген ойымыз да болды. Әрине, келген бетте, бірінші күннен-ақ бәрі ұнады. Бірден осы қаладан өз орнымды таптым. Өзімнен үлкен әпкем Астанада тұрады. Жиі хабарласып тұрамыз. Петропавлда ағам бар. Олар отбасылы, балалы жандар. 2023 жылы әкем дүние салғандықтан, анам қазір менің жаныма көшіп келді, екеуіміз бірге тұрамыз.

Біздің естуімізше, сіз Талдықорғанға бір сөмкемен келіп, бүгінде жеке үйіңізді алған екенсіз. Бөтен қалада қолұшын берген азаматтар болды ма?

Талдықорғанға әкеммен келгеннен кейін, осы орталықтың директоры Елдос Баялышбаевпен таныстым. Жақсы араласып, сөйлесе бастадық. Ол кезде менің әлеуметтік желілерден хабарым болды. Кішігірім қаражат та тауып жүрдім. Ол маған осы саланы дамытуға жәрдемдесуімді сұрады. Бұл тілек менің осында қалуыма үлкен мүмкіндік берді. Елдос аға баспанамды, күн көрісімді қамтамасыз етіп беретіндігін айтты. Себебі, менің мұнда ешқандай туысым жоқ еді . Сонымен қаламын деген шешімге келдім. Одан бөлек тағы бір досым хабарласып, онлайн тағы бір жұмыс ұсынды. Бәрі жақсы сәйкес келіп, осылайша осында қалдым. Бұл оқиғалар сенімділік ұялатты. Сосын екі айдан кейін әкем Петропавлға қайтты, ал мен осында қалуды жөн көрдім. Сөйтіп, баспана жалдап жалғыз тұрдым. Біраз үйден-үйге көшіп жүрдім. Сонымен қатар, сан түрлі SMM курстарға, графикалық дизайн курстарына қатыстым. Сол арқылы өзімді дамытып жаңа жобаларға ие болдым. Басында кішігірім баспана да, тіпті шағын бөлмеде тұрдым. 2020 жылдан бастап толық пәтерді жалдай бастадым. Бүгінде қосымша клиникалық компания жұмыс істеймін. Олардың инстаграмм парақшаларын жүргізіп беремін. Сонымен қатар жаттығуларымды да тоқтатқан емеспін. Соның нәтижесінде жақсы жетістіктерге жетіп келемін, ең басысы денсаулығым жақсарып келеді.

Адам мүмкіндігінде шек болмайды

Басқа мекемелер де қосымша жұмыс істеймін дедіңіз. Бәрі бірдей қиындық тудырмай ма?

Көбіне қашықтықтан жұмыс істеймін. Берілген тапсырмаларды үйде отырып-ақ орындай беремін. 1-2 айда есеп беретін кездесулер болады. Көбіне онлайн қызмет көрсетемін. Өзім секілді жандарға да осы бағытта тәжірибеммен бөлісіп жүрмін. Адамның мүмкіндігінде шек жоқ, бір орнында отырып қалмау керек. Қайта жұмыс істеп, қоғаммен араласқан сайын қанатынды кеңге жаясын. Мекемелерге, компаниялларға түрлі логотиптер де жасап беремін.

Логотип дегеннен шығады, "Асар" орталығының логотипін сіз жасаған екенсіз...

Иә, дизайнерлік жұмыс мені қатты қызықтырады. "Асар" орталығында маркетолог, компьютерлік жабдықтарға, интернетке, тіпті орталықтың қажетті дизаинына жауап беремін. Бұл жердің логотипін өзім жасап шығардым. Орталыққа жасаған сайтым 5 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Қаншама жанға маңызды мағлұматтар беріп келеміз. Емделуге асыққан жандарға есігіміз ашық.

Сізге "Асар" орталығы несімен ыстық?

Мен мұнда өзімді таптым десем болады. Басымнан өткен сан сынақтар, күйзелістер, өмірді басынан бастау мен секілді әрбір жанға оңаға соқпасы анық. Осы қиындықтарды жеңуіме орталықтың үлесі зор. Осында келіп, жаңа достар тауып, қанатымды еркін жайдым десем болады. Маған екінші мүмкіндік сыйлаған әуелі Құдай болса, екінші осы орталық десем артық айтпағаным.

Адам мүмкіндігінде шек болмайды

Өзіңіз секілді тағдырлас жандарға қандай көмектер көрсетесіз?

Технология саласы жылдан жылға дамып келеді. Сіз компьютердің алдында отырып-ақ әлемді басқаруыңызға болады. Тіпті, сол арқылы миллиондаған ақша тауып, жағдайыңызды түзетуге мүмкіндік мол. Осы саланың маманы болғандықтан үйренуге бейіл өзім секілді азаматтарға әрдайым есігім ашық. Бүгінде көптеген жандар осы саланы меңгеріп келеді. Біздің орталыққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтарымызға барынша қол ұшын созуға тырысамын. Мәлімет керек болған жағдайда, құжаттарын өңдеуге көмектесемін. СММ, моркитолог болуға әуес жандар білгенін сұрайды. Оларға әркез есігім ашық.

Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

Өз ісімнің нағыз шебері болғым келеді. Өзім секілді жандардың да заманға сай өмір сүруіне жол ашуға тырысамын. IT саласын жетік меңгеруге күш саламын.

Әңгімеңізге көп рақмет!

Өзгелердің жаңалығы