Адам анестезиядан кейін оянбай қалуы мүмкін бе

16 Қазан 2023, 18:12
2748
Бөлісу:
Адам анестезиядан кейін оянбай қалуы мүмкін бе
Фото: ПІБ Медицина орталығы

Бүгін, 16 қазан, бүкіл әлемде халықаралық анестезиолог күні. Анестезиологтің атқаратын қызметі қандай? Анестезия деген не және ол денсаулыққа зиян келтіре ме? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР ПІБ МО ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Жанболат Есей жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Ең алдымен анестезия деген не екендігіне тоқталып өтсеңіз..

- Анестезия – жансыздандыру, науқастың ештеңе сезбей уақытша ұйықтауы. Бұл тәсіл операция кезінде науқастың бойында терең ауырсыну сезімдерінен қорғап, психологиялық тұрғыда сақтандыруға көмектеседі. Ең алғаш 1846 жылы тіс дәрігері Томас Мортон эфирлік анестезия көмегімен алғашқы операция жасап, нәтижесінде «ауырмайды» деген түсінік қалыптасады. Жүйкелерден мидағы орталықтарға ауырсыну сигналдарын уақытша блоктайтын анестезия бүгінгі күнге дейін қарқынды дамып, медицинада маңызды рөл атқарады.

Адам анестезиядан кейін оянбай қалуы мүмкін бе

- Анестезияның қандай түрлері бар?

- Анестезия жергілікті, аймақтық және жалпы деп бөлінеді. Жергілікті анестезияда дененің белгілі бөлігі ғана жансыздандырылса, аймақтық анестезияда көбінде бел омыртқаға немесе жұлынға дәрілік препарат жіберіліп, дененің үлкен аумағын жансыздандырады. Жалпы анестезия көп жағдайда кеудеге, басқа немесе ішке жасалатын күрделі операцияларда науқастың миын толықтай ұйықтату мақсатында қолданылады. Сондай-ақ операция алдында науқастың мазасыз күйіне қарай тыныштандыру процедурасы да жасалады. Бұл науқасты табиғи ұйықтайтындай босаңсытады және кез келген уақытта оятуға болады.

- Ал ауруханалардағы анестезиология, реанимация, қарқынды терапия бөлімшесінің қызметі қандай?

- Бөлім қызметіне жоспарлы операция алдында анестезиолог дәрігер мен медбикенің науқастарға анестезия салуы, операция кезінде науқастың жағдайын бақылауда ұстауы және операциядан кейін жағдайына қарай науқасты ояту, ауыр жағдайдағы науқастарға қарқынды ем қолданып, күтім жасау, жағдайы тұрақталған соң бөлімшесіне ауыстыру міндеттері кіреді.

- Мәселен, сіздердің бөлімдеріңізде қанша дәрігер жұмыс істейді және олардың рөлі қандай?

- Анестезиология, реанимация, қарқынды терапия бөлімшесінде 30 білікті анестезиолог-реаниматолог дәрігері және 50-ден аса медбике мен меджігіт жұмыс істейді. Олардың жұмысы тек операция бөлмесінде емес, бір күн бұрын басталады. Науқастың ауру тарихымен толықтай танысып, талдау қорытындылары мен қосымша ауруларына қарай анестезия түрін анықтап, науқасқа анестезиологиялық кеңес жүргізіп, операцияға психологиялық тұрғыда дайындайды. Операция үстелінде науқаспен сөйлесу арқылы көңіл күйін жайландырып, бақылау жабдықтары арқылы операция соңына дейін тамыр соғысы, қан қысымы, сатурациясын қатаң қадағалап, операция созылған жағдайда немесе қандай да өзгеріс кезінде анестезияның мөлшерін азайтып-қосып отырады. Реанимация және қарқынды терапияға түскен науқастар да анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерінің қатаң бақылауында болады.

Адам анестезиядан кейін оянбай қалуы мүмкін бе

- Адам анестезиядан кейін оянбай қалуы мүмкін бе?

- Қазіргі медицинаның дамыған заманында анестезиядан кейін науқастың оянбай қалуы мүмкін емес. Себебі бүгінде ауруханаларда анестезияның мөлшерін есептеп, тепе-теңдігін сақтап, әрі қарай күші азайғанын мүлтіксіз бақылап отыратын заманауи жабдықтар қолданылады. Бұрындары мұндай жабдықтарсыз анестезияның дозасы мөлшерінен асып кету қаупі болғандықтан, оянбай қалу қорқынышы да қатар жүретін. Қазір бәрі басқаша.

- Операция кезінде кенеттен ояну тәуекелі бар ма?

- Анестезияда қолданылатын компоненттердің бірі адам ағзасынан тарқай бастағанда адам ағзасы реакция береді. Науқастың жағдайын бақылап отырған анестезиологтер ондайда қосымша дозасын көбейтіп отырады. Теориялық тұрғыда оянып кетуі мүмкін болғанымен, тәжірибеде науқастың операция үстелінде оянуына жол берілмейді.

- «Анестезия ол – ескірткі» дегені қаншалықты рас?

- Анестезияның құрамына есірткілік дәрілер кіретін болғандықтан, халық арасында сондай пікір қалыптасқан. Алайда басқа компонеттермен араласып, бір реттік жағдайда қолданылатындықтан, одан нашақор болмайды. Сол себепті анестезиялық препараттар қатаң рұқсатнамамен қолданылады. Әр қолданылған препараттың ыдысы бас медбикеге қайта өткізіледі. Науқасқа анестезияның құрамы дәрігердің нұсқауымен ғана есептеліп, егіледі. 

Адам анестезиядан кейін оянбай қалуы мүмкін бе

- Анестезия денсаулыққа зиян ба?

- Анестезия күрделі хирургиялық операцияларда науқастың тұла бойын терең ауырсынудан және одан алатын күйзелістен қорғауға арналған. Науқасқа қолданылатын анестезиялық дәрілердің күші кемінде 20-30 минуттан соң тарқап, азғадан шығып кететіндіктен, бүгінгі таңда анестезия денсаулыққа зиянды деп ескерілмейді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы