Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ADAL партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауында дауыс берді.
Партия төрағасы елордадағы «Астана Опера» театрында орналасқан №115 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Бұл сайлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Жалпы, халқымыздың саяси деңгейінің көтерілгенін байқауға болады. Сонымен қатар, осы науқанда көбіне жастарға жол беріліп отыр. Жастарымыз білімді әрі білікті. Олар қысқа мерзімде барлық салада өздерін таныта алды, - деді Сұлтанғали.
Партия төрағасы осы сайлаудан кейін жақсы нәтиже күтетінін атап өтті.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына аяқ бастық. Осы орайда бір қуанатын жағдай – жастарымыз сауатты. Ең негізгісі – оларда патриотизм сезімі бар, - деді Серік Сұлтанғали.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін елімізде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру кешкі 20.00-ге дейін жалғасады.