"Адал емессің бе, қош бол". Трамп бұл жолы кімді қызметінен босатты

4 Сәуір 2025, 17:15
3108
Бөлісу:
"Адал емессің бе, қош бол". Трамп бұл жолы кімді қызметінен босатты
Фото: әлеуметтік желісінен

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздік саласындағы бірқатар шенеунікті қызметінен алып тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BCC-ге сілтеме жасап.

Олардың қатарында киберқауіпсіздікке жауапты генерал да бар.

Соңғы “тазарту” Ұлттық қауіпсіздік агенттігі мен Киберқауіпсіздік басшысы генерал Тимоти Хоуға қатысты болды. Оның орынбасары Венди Нобл да қызметінен кеткен.

Бұл шешім Трамптың оңшыл белсенді Лора Лумермен кездескеннен кейін қабылданған. Лумер генерал Хоуды Трамптың күн тәртібіне адал емес деп айыптап, оны қызметінен босатуға кеңес берген. Трамптың өзі де журналистерге “бізге адал емес адамдармен қоштасуға дайынбыз” деп мәлімдеген.

Бір мезгілде Ақ үйдегі Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде (NSC) де бірқатар кадрлық өзгерістер болды. CBS дерегінше, NSC-ден кемі үш жоғары лауазымды қызметкер жұмыстан кеткен. Бұған дейін NSC қызметкерлерінің бірі журналисті Signal мессенджеріндегі әскери құпия чатқа қателесіп қосып жібергені үшін сынға ұшыраған еді.

Демократтар бұл әрекетті “ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп” деп бағалап отыр. Конгресс мүшесі Джим Хаймс генерал Хоуды заңға бағынышты, адал адам ретінде сипаттап, оның дәл осы қасиеттері қызметтен кетуіне себеп болуы мүмкін екенін меңзеді.

Трамптың жаңа әкімшілігі “адалдық сүзгісін” күшейтіп, сыртқы байланыстары күмән тудыратын қызметкерлерді бақылауға алып жатқаны айтылуда. Сарапшылар бұл үрдіс мемлекеттік құрылымның саясилануын күшейтіп, ұлттық мүдде үшін қауіпті екенін ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы