Ұлттық құрама көшбасшысы Алина Дауранова Германияда өтіп жатқан конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында мың метрге жарыста 2-орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының екінші күні өтіп жатыр.
Бүгін осы бәсекедегі Ұлттық құрама көшбасшысы Алина Дауранова мың метрге жарыста 2-орын алды. Отандасымыз бір шақырымды 1:17.76 секундта жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанған нидерландтық Энджел Дэйлманнан 1.47 секунд қалып кетті. Үздік үштікті америкалық Грета Майерс түйіндеді, - деп хабарлады Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Алина былтыр Аустрияның Инсбрук қаласында өткен әлем чемпионатында дәл осы 1000 метрге жарыста күміс жүлде жеңіп алған.
Инцелль қаласындағы бүгінгі жарыста қазақстандық Арина Ильященко 13-ші, Алена Лифатова 19-сатыдан көрінді. Жалпы бұл жарыста 49 спортшы қатысты.