Әбдіқалықова жастармен кездесті

22 Қыркүйек 2021, 22:59
7032
Бөлісу:
Әбдіқалықова жастармен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңір жастарымен кездесіп, пікірлесе отырып ұсыныстарын тыңдады.

Алдымен, Гүлшара Әбдіқалықова Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының коворкинг орталығында «Кітап құрттары» клубының мүшелерімен кездесті.

2019 жылдың ақпан айында кітапқұмар жастардың бастамасымен ашылған клубта 100-ге жуық мүше бар. Оқуға ынталы жастар әр сенбі сайын түрлі жанрдағы кітаптар мен фильмдерді талқылап, кері байланысқа шығады.

Басқосу барысында клуб жетекшісі Талғат Меңдібаев клубтың Қазалы ауданында бөлімшесі ашылғанын және алдағы уақытта басқа аудандарда ашу жоспарда бар екенін жеткізді. Сонымен бірге ізденімпаз студенттерге арнап Қорқыт ата университетінде қосымша курс та жұмысын бастағанын тілге тиек етті.

Кездесуде жастар аймақ басшысымен кітап оқу мәдениеті туралы еркін ой қозғады. Гүлшара Әбдіқалықова интеллектуалды ұлт қалыптастыруда кітап оқудың маңыздылығын қаперге салып, жастарды "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы аясында қазақ тілінде жарыққа шыққан кітаптарды оқуға шақырды.

Жастармен тілдескен облыс әкіміне клуб оқырмандары атынан "Қыз Жібек" дастанын табыстады. Сонымен бірге қала ішінде жастарды оқуға жетелейтін бірнеше идеяларын ұсыныс ретінде қалдырды.

Кездесу соңында аймақ басшысы жастар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, алдағы уақытта жастар кеңесінде талқылатынын тілге тиек етті.

Биыл мектептер мен университеттерде оқу жылы дәстүрлі форматта басталды. Қашықтан білім алып келген жастар оқу орындарына барып, санитариялық талаптарды сақтай отырып, білім алуда. Бұл ретте облыс әкімі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 жатақханасына барды. Нысанның жағдайын бақылап, студенттердің тұрмысымен танысты.

Жастар өңір басшысына көкейде жүрген сауалдарын қойып, жатақханадағы қызықты сәттерін айтып, түрлі бастамалардан туындаған идеяларын ортаға салды.

Жатақхана ғимараты 400 студентке арналған. Мұнда бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін шығармашылық жұмыстармен айналысып, кітап оқып, демалыс бөлмелерінде тыныға алады. Жастар ұйымдары жатақханалардағы тәрбиелік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге ықпал етеді.

Сонымен қатар №5 студенттік жатақхана ауласында спорттық ойындарға арналған алаң жабдықталған. Өткен жылы футбол алаңы күрделі жөндеуден өтті.

Облыс әкімі сөз соңында жатақханада санитарлық нормаларды қатаң сақтап, ауланы көркейту және көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру қажеттігін еске салды.

Университетте білім алатын жастар бос уақытын спорттық кешендерде өткізеді. Өңір басшысы университет базасындағы «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді. Нысанның материалдық-техникалық базасымен танысты. 2010 жылы пайдалануға берілген спорт кешенінде минифутбол, волейбол, гандболдан жарыстар мен барлық деңгейдегі түрлі спартакиадалар өткізіліп тұрады. Ал, жүзу бассейніне келушілерді білікті нұсқаушылар, медицина қызметкерлері бақылап отырады.

Спорт-сауықтыру кешенінде студенттерге шағын футбол, волейбол, жүзу, үстел теннисі сияқты спорт секциялары түрінде дене шынықтыру сабақтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, кешен қала тұрғындарына сабақтан тыс уақытта ақылы қызмет көрсетеді. Жақында нысанның шатыры күрделі жөндеуден өткен.

Аймақ басшысы бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысу жастардан бастау алу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте өңірде университет базасынан бөлек, түрлі секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылғанын еске салды.

Өзгелердің жаңалығы