Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қазақстандықтарды Астана күні мерекесімен құттықтады.
Елордамыздың тарихы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тікелей байланысты. Елбасының тәуелсіздікті нығайтудағы және мемлекеттілік тамырын тереңдетудегі батыл қадамдарының бірі - елдегі бірлік пен татулықты орнықтыруымен қатар еліміздің белортасындағы берекелі мекенге Астана салу жөніндегі тарихи шешім қабылдап, іс жүзіне асыруы.
Тарихшылар айтқандай, Александр Македонскийге әкесінің: «ең алдымен Афина туралы ойла. Афина ел емес, қала емес, ол Идея» деген сөзі біздің бүгінгі күн сәулетті Елордаға қаратып айтылғандай. Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан – жаңарған тәуелсіз Қазақстанды құрудағы Елбасының бірегей идеясының жүзеге асқан асқақ шыңдарының бірегейі.
Бүгінгі Нұр-Сұлтан – жай ғана рәміз, мегаполис емес, ол – тәуелсіз Қазақстанның киелі құндылығы.
Мұрағаттан бұрынғы Ақмоланың сарғайған суреттерін қарап отырып, қазіргі зәулім ғимараттар, заманауи кеңселер, сауда, ойын-сауық орталықтары, көп қабатты үйлер мен кең әрі жарық даңғылдардың орнында аз ғана уақыт бұрын сүйектен өтетін солтүстік желі соғып тұрған саяжай үйлері болғанын елестету қиын. Тағдырын астанамен байланыстырған көптеген қазақстандықтар үшін бұл жай ғана қала емес, бірінші кезекте үздік урбанистикалық идеялар мен заманауи инновацияларды бойына жинаған таңғажайып елорда.
Қазақстанның жүрегі, Тұңғыш Президентіміздің жүзеге асқан асқақ идеясы және Қазақстан халқы еңбегінің жарқын жемісі – астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы мәңгі жасап, жайнай берсін!
Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!