Абайды танып бағасын беру үшін әлемдік әдебиетті де зерделеп отыруымыз керек

10 Тамыз 2020, 13:19
1616
Бөлісу:
Абайды танып бағасын беру үшін әлемдік әдебиетті де зерделеп отыруымыз керек

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған "Адамзаттың Абайы" атты абайтанушылардың халықаралық онлайн форумы барысында айтты.

Біз Абайды хал қадірімізше оқып, танып біліп жатырмыз. Абай шығармаларын оқыған кезде әрқайсымыз өз таным, түйсігіміз, білімімізге лайықты ақынды иегеріп келе жатырмыз. Сөз жоқ, әркімнің өз Абайы бар. Абайды зерттеу, оны таныту тұрғысында келелі жұмыстар атқарылды. Кезінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов, Мұхтар Әуезовтен бастап кешегі Кеңестік дәуірдегі ірі ғалымдарымыз да Абай төңірегінде келелі ойларымен бөлісіп, зерттеулерін жазды,-дейді пофессор. 

Сонымен қатар, ол Абайды зерттеп, танып оның бағасын беріп отыру үшін әлемдік әдебиетті де зерделеп отыруымыз керек деген ойын білдірді. 
Кеңес кезінде таптық, партиялық, марксистік материалистік, атеистік көзқарас болды. Осы сияқты толып жатқан ұстанымдарға байланысты зерттеушілікте кемшіліктер орын алды. Тәуелсіздік алғалы бері мүмкіндіктеріміз артты. Дегенмен әдебиеттану ғылымында әлемдік әдебиет тәжірибесін игеру бойынша кемшіліктер бар. Әдебиеттануда толып жатқан антрополия, әдістер сияқты біз біле бермейтін Кеңестік дәуірде мүлде ауызға алуға болмайтын, айтсақ оны идеалистік көзқарас деп қабылдайтын нәрселердің ашылғаны анық. Мұны айтып отырғаным біз абайтануда әлемдік әдебиеттану ғылымының нәтижелері тұрғысынан келуіміз керек. Мәселен, Абай өлеңдерінің кез келген жерінен үзінді алып оны түсіндіру бізде кең орын алған. Ақынның өзі туралы айтатын әңгіме болса бірінші шарты мәтін тұтас болу керек. Яғни мәтіннің бас-аяғына қарай жинақтап айтуымыз керек ойды,-дейді Шәкір Ибраев. 
Форум барысында Ұлы Абай мұрасының қазақ руханиятындағы құндылығы, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы мен ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі, сонымен қатар абайтану саласындағы заманауи ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелері қарастырылды.

2019 жылдың 30 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мазмұнды деңгейде мерекелеудің Жарлығы шықты. Ал 2020 жылдың 10-тамызы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Абай күні деп бекітілді.




Өзгелердің жаңалығы