Абай-175. Ақын образы мүсіндер негізінде қалыптасады – Мақат Садық

12 Сәуір 2020, 13:25
3306
Бөлісу:
Абай-175. Ақын образы мүсіндер негізінде қалыптасады – Мақат Садық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай еліміздің бірқатар қалаларында Абай ескерткіші мен бюстерін ашу жоспарланып отыр. Қалың көпшілік Абай образын осы мүсіндер негізінде қалыптасырары анық.

Белгілі журналист Мақат Садық Абай мерейтойына орай тұрғызылар ескерткіштерге қатысты өз ойымен бөліскен екен. "Осы орайда ойда жүрген ұсыныс. 2009 жылы Өскеменде еңселі Абай ескерткіші ашылды. Әкім орынбасары ретінде ескерткішті дайындау жауапкершілігі маған жүктелді. Конкурсқа қабылданған оннан астам мүсіндерді көрдім. Бәрі дерлік “шапанға оранған, қабағы түсіңкі, жуанқарын адам”. Болмайды дедім. Алдын – ала дайындап қойған Абайдың Мәскеуде орнатылған ескерткішінің суретін мүсіншілерге таратып бердім. 
Бұл Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың – Абайы, - дедім. Басты талап ескеркіштегі Абай образы, бейнесі осындай болуы керек.  Бұған қосымша біздің талап бойынша ескерткіш постаментімен 14 метрден биік болатындығын ескеріңіздер. Абай оң қолыңа кітап ұстап тұрсын. Қалғаны сіздердің фантазияларыңыз! Бұлай деуге себеп, дүниежүзілік мәдениеттің ірі орталығы саналатын Мәскеуде талай болып, айтулы зиялыларымен сөйлескенде “Чистые пруды” бульварындағы Абай ескерткіші Мәскеу архитеруктурасына қосылған ерекше көркем дүние дегенді талай естіген едім. Әрі ресейлік қоғамдық пікір мәскеуліктердің аузымен айтылатынын ескерсек, қазақ пен орыс арасындағы достық түсіністікке осы есерткіштің қосқан үлесі зор. Оны екі ел Президенттері Н. Назарбаев пен В. Путин бірге ашқанын да білеміз" - деп еске алады журналист өз жазбасында.

Сонымен қатар, Мақат Садық Мәскеудегі Абай ескерткішін ресейлік оппозиция өкілдері де жоғары бағалағанын айтады.
Ресейдің атышулы оппозиционері, жақсы сөзге жарымайтын  Навальный да #окупайабай хештегін жариялап, Абай ескерткіші жанында бір ай митинг өткізгенде “Абай бізді европалық демократияға бастайды”, деген. Қазақстан мен Ресей халықының арманы мен билігінің қойған мақсаты да әлемнің өркениетті елдерінің қатарынан орын алу екендігі баршамызға аян. Ілгеріде бірлесіп ортақ жобаны қолға алғанда ресейлік жиеніміз, белгілі режиссер Егор Кончаловский: “маған, кімге тартқансын дейтін сыйлыларды, Москваның қақ ортасындағы Абай ескерткішіне апарам. Абайдың рухы мен харизмасы кімді болмасын табындырады", дегені есімде, - дейді Мақат Кәбірұлы.

Сонымен қатар ол, Өскемендегі ескерткіш, 2006 жылы Мәскеудегі елшіміз болған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен жасалған Абай образын қайталағанын айтады.
Абайдың бұл бейнесін сол кездегі облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев пен мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жоғары бағалап, бірден бекітті. Бір жылдан кейін мәскеулік Абай образын Астанада ашылған  Абай ескерткішінен байқадым. Ол кезде қала Әкімі Иманғали Тасмағамбетов болатын, - дейді журналист.

Ол биылғы мерекелі жылы Абай бейнеленген бірқатар суреттер жарияланып жатқанын, бюстері салтанатпен ашылып жатқанына тоқтала келіп, Абай бейнесінің көбінде қайғы-мұңға бейім екенін айтады. 
Облыс орталықтарында Абай ескерткішін орнатуға бюджет бөлінуде. Ойландыратын жәйт Абайды халыққа жақындатуға арналған осы естелік мұралар әр жерде әртүрлі. Жобаға Абайдың отбасымен түскен жалғыз фотасы негізге алынғанға ұқсайды. Ол фото Абайдың арқа сүйеген перзенті: "Жаңа жылдың басшысы - ол, мен ескінің арты едім" деп үміт күткен ұлы Абдрахман қайтыс болған соң түсірілгенін ешкім назарға алмайды. Үлкен трагедиядан кейін ұлы тұлғанын ғұмыры да Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясының соңғы төртінші томының бөлімдерінің атауындай: “Қапада. Қастықта. Шайқаста. Жұтта.” өтті... Абай әлемін, Абай әлемі арқылы зерттеп-тану, меңгеру, ғұламаның ілімі бойынша өмір сүру – Елбасымыз айтқан Рухани жаңғыру мен ел мәңгілігінің де ең басты кепілі. Абай әлемі – ұлтымыздың мінез-құлқы, болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, жаны, тілі, діні, ділі, рухы жан-жақты көрініс тапқан бірегей құбылыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Egemen Qazaqstan" газетінде жарық көрген "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтой аясында мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда екенін атап өте отырып, ол шаралардың "той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек" екенін алға тартты"- дейді Мақат Садық.

Ол өз сөзінде Абайды дәріптеуге үнді халқының тәжірибесін мысал етеді.
Тағы бір дерек. 2009 жылдың кыркүйегінде Өскеменде үнді елінің Абайымыздай ұлы перзенті Рабиндрант Тагордың бюстін Қ. Қайсенов атындағы "Жастар" этнобағында аштық. Сапалы қоладан құйылған, биіктігі – 107 см. ені – 81 см. салмағы – 120 кг. тұғырының биіктігі – 145 см мүсінді Үндістанның Қазақстандағы елшілігі сыйлады. Салтанатты шарадан кейін Үндістан елшісі Ашок Саджанхарды Абай ескерткішіне апардым. Бізден кейін  Швецияда елші қызметін атқарған, қазір ғаламдық зерттеулер институтының президенті Ашок мырза: "Сіздердің Абайдан Москвадағы Абайдың лебі сезіледі", - деген. Сол күнгі емен жарқын әңгіме кезінде миллиард тұрғыны бар Үндістан елшілерінің үлкен парызы - үнді ұлтының ұлы тұлғалары Рабиндрант Тагор мен Махатма Гандиді қызмет еткен сырт мемлекеттерде насихаттап, мүмкіндігінше көпшілік демалатын саябақтарда бюстерін қойғызып, жергілікті тұрғындарға асыл мұраларын жан – жақты жеткізу екендігін естідім. Сұхбат арасында Үндістандағы осы екі тұлғаның ескерткіштері мен бюстері "гумманизмге ұмтылған жалпыадамзаттық рухты бейнелейтін" бірегей образада жасалатынын және ерекше маңыз бөлгені сырт елдерде қойылатын мүсіндері де Үндістанда құйылатындығын айтқан. Әлемнің бес континентін көріп, қырыққа жуық елде болған ақын Тагордың өмірге көзқарасы өзінен жиырма жас үлкен замандасы Абай дүниетанымымен ұқсас. 
Абай: 
"Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті",-дейді. 
Европалықтардан кейін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының бірінші лауреаты атанған Тагор адамзат баласы туралы ойын:
"Ол ма, ол қазір менің жанарымда, 
ол менің өн-бойымда, менің жан дүниемде, - деп түйіндейді - дейді Мақат Садық.


Әлемде Қазақстан секілді екі жүздей мемлекет бар. Сол елдердің Абайдай ұлы тұлғалары да бар. 
Көріп жүрміз, оқып білудеміз – олар да данышпандарын дүние жұрты білсе дейді. Кітаптарын аударады, мүсіндерін жасап елшіліктер арқылы сыйлас елдерде орнатады. Конфуций, Шекспир, Пушкин, Гёте, Тагор, Ганди... Осындай есімдері мәлім адамдардың бюстері бір стильде, бір образда жасалған. Көрген көз жаттап алады. Қай ұлттың ұлы екенін есте сақтайды. Түсірілетін кинофильмдер  мен деректі сериалдарда  осы бір бейне, бір образ.  Біз де Абайымызды жаһандық мәдениетке  үлес қосқан тұлға ретінде таныту жолында өркениетке үлгі, жалпыадамзаттық рухты жаңғыртқан рухани жан-дүниесін ашатын  өнегелі образын ұсынуымыз замана талабы деп ойлаймын, - дейді Мақат Садық.



Өзгелердің жаңалығы