Ел көлемінде барлық білім беру ұйымдарында «Түлектердің ағаш егуі» республикалық челленджі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Челленджге облысымыздың мектеп оқушыларымен бірге Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев та қатысып, өз үлесін қосты.
Басқарма басшысы өз сөзінде республикалық іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, оқушыларды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, білім мен еңбекқорлыққа ұмтылуға шақырды. Сондай-ақ, биылғы мектеп түлектеріне алдағы ҰБТ- де сәттілік тіледі.
Бұл челлендждің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты табиғатымызды аялап, қорғауға және еңбекқорлыққа баулу. Көшет отырғызу арқылы біз ұйымшылдық танытып, туған жерімізді көркейте аламыз. Бұл дәстүр сіздерден кейінгі оқушыларға үлгі болуы керек, - деді басқарма басшысы.
Биыл мектеп бітіргелі отырған 5000-ға жуық түлек 4000-нан астам ағаш отырғызды. Абай ауданының түлектері алма ағаштарын, қалған оқушылар шырша көшеттерін екті.
Республикалық акцияға Білім басқармасына қарасты барлық білім бөлімі қызметкерлері мен әдіскерлері қатысты.
Челленджге атсалысқан 10 мыңға жуык педагог пен әдіскерлер жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулып, оларға үлгі көрсете білді.